Боксқа салынған қаржы толық ақталды
Қазақстан бокс федерациясының бұрынғы президенті, кәсіпкер Кеңес Рақышев қазақ боксының дамуына қомақты қаржы бөлгенін және соңғы жылдардағы жетістіктерге өзінің де тікелей үлесі бар екенін мәлімдеді.
Кеңес Рақышевтың айтуынша, бокс – қазақ халқының болмысымен біте қайнасқан спорт түрі. Ол ел жанкүйерлерінің Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін таң атпай күтіп отыруын халықтың боксқа деген ерекше ықыласының айғағы ретінде атап өтті.
«Бұл – халықтың намысын қайрап, бір мақсат жолында бірігіп қуануға да, бірге мұңайуға да үйреткен ерекше құбылыс», – дейді ол.
Рақышев 2019 жылы Қазақстан бокс федерациясының басшылығына келген сәттен бастап жауапкершіліктің ауыр болғанын, соған қарамастан бұл міндетті зор ықыласпен қабылдағанын жеткізді.
Оның айтуынша, бес жылға жуық уақыт ішінде федерация аясында бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асқан. Солардың бірі – тек чемпион боксшыларды ғана емес, олардың аналарына да «Алтын Ана» атағын табыстау дәстүрінің енгізілуі.
«Халқымыз «алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Әрбір жеңістің артында ананың тілеуі мен қабыл болған дұғасы тұрады деп есептеймін», – деді кәсіпкер.
Сондай-ақ, жас боксшыларға арнайы сыйақы тағайындау жүйесі алғаш рет осы кезеңде енгізілген. Рақышев бұл бастаманың нәтижесінде бүгінгі әлем чемпиондары шыққанын мақтанышпен атап өтті.
Кеңес Рақышев үшін Ташкентте өткен әлем чемпионаты ерекше есте қалған. Себебі дәл сол жарыста Қазақстан құрамасы төрт бірдей алтын медаль жеңіп алған.
«Бұл – федерациядағы ең жарқын сәттердің бірі. Халықтың ыстық ықыласы мен қолдауын ешқашан ұмытпаймын», – деді ол.
Кәсіпкер федерацияны басқарған бес жыл ішінде бокстың дамуына өз қалтасынан шамамен 7 миллион доллар жұмсағанын да жасырмады.
«Боксқа салынған қаржы толық ақталды. Бұл – мен үшін ең басты нәтиже», – деді Рақышев.