Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Жылды Испаниядағы турнирден бастаймыз»: Насанов биыл боксшылардың қандай жарыстарға қатысатынын айтты

25.01.2026, 17:09

Құрама Испанияға аттанды.

«Жылды Испаниядағы турнирден бастаймыз»: Насанов биыл боксшылардың қандай жарыстарға қатысатынын айтты
Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы 2026 жылғы маусымға дайындықты Түркістан облысында өткен алғашқы оқу-жаттығу жиынымен бастап, Испанияға аттанды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Нұржан Насанов федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Түркістан облысында өткен 2026 жылдың алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтап, Испанияға жол тарттық. Бұл жақта бірлескен жаттығу жиынына, әрі қарай Boxam Elite халықаралық турниріне қатысамыз. Жарысқа жиырмаға жуық команда келеді деп күтілуде», - деді бас бапкер.

Насановтың айтуынша, жыл басында боксшылардың жарыс тәжірибесіне мұқтаж екені анық байқалады. Сол себепті Испаниядағы турнирге бірден екі құрам аттанған.

Ал ақпан айында құрама Алматы облысында тағы бір оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Болгариядағы дәстүрлі Странджа халықаралық турниріне қатысады.

«Осы аралықта барлық боксшылардың шамасын байқаймыз», - деп нақтылады Насанов.

Маңызды жаңалықтардың бірі - 23 жасқа дейінгі боксшылар енді ұлттық құрамаға қарайды. Бұл қадам жақын резервті жіті бақылауға мүмкіндік береді.

«Алдағы дайындық кезеңіне жастар құрамасын да шақырамыз. Бұл - біз үшін жақын арадағы резервті бақылап көру мүмкіндігі», - деді бас жаттықтырушы.

Айта кетейік, былтырға дейін U23 санатындағы боксшылармен Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жұмыс істеді. Ал қазір ол жастар құрамасының аға бапкері қызметін атқарады.

2026 жылдың алғашқы ірі қорытындысы Азия чемпионатында жасалмақ.

«2026 жылдың алғашқы кезеңін Азия чемпионатымен қорытындылаймыз. Бұл - WORLD BOXING ұйымының ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық біріншілігі. Жарыс 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Моңғолияда өтеді», - деді Насанов.

Одан кейінгі кезең Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықпен жалғасады.

«19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтетін Азиадада үздік құраммен өнер көрсету үшін бірнеше ай бойы боксшыларды іріктеп апарамыз», - деді ол.

Сонымен қатар, 2026 жылы WORLD BOXING аясында өтетін Әлем кубогының үш кезеңі де маңызды саналады. Турнирлер Бразилия, Қытай және Өзбекстанда ұйымдастырылады.

«Бас жаттықтырушы қызметіне кіріскеніме аз уақыт болса да, боксшылармен өзара түсіністік бар. Басты ұстаным - тәртіп пен ауызбіршілік, қалыптасқан шеберлік мектебін бұзбай, жаңа элементтер енгізу», - деп түйіндеді Нұржан Насанов.

25 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Бенидорм қаласында бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді.

3-8 ақпан Ла-Нусия қаласында «Boxam Elite» халықаралық турнирі:

Испанияға аттанған құрам:

50 келі. Санжар Тәшкенбай, Нұрзат Оңғаров

55 келі. Махмұд Сабырхан, Бексұлтан Боранбек

60 келі. Серік Теміржанов, Дәулет Молдашев

65 келі. Санатәлі Төлтаев

70 келі. Төрехан Сабырхан, Нұрбек Мурсал

75 келі. Тимур Нұрсейітов, Аман Қонысбеков

80 келі. Ерасыл Жақпеков, Азамат Бектас

85 келі. Нұрбек Оралбай

90 келі. Сағындық Тоғамбай, Оңталап Рахманов

+90 келі. Айбек Оралбай, Нұрасыл Асылхан

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам