Ол жанкүйерлерге алғыс айтты.
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) шешіміне байланысты мәлімдеме жасады.
Ұйым орта салмақтағы әлем чемпионының ісі бойынша ресми үкім шығарып, мельдонийге байланысты допинг-сынаманың оң нәтиже көрсетуіне қарамастан, қазақстандық спортшыны чемпиондық белбеуден айырмау туралы шешім қабылдады.
2026 жылдың 19 ақпанындағы резолюцияға сәйкес, Әлімханұлы бір жылға дисквалификацияланды. Шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Дәл сол күні WBO спортшының талдауы оң нәтиже көрсеткені жөнінде ресми хабарлама алған.
Сонымен қатар ұйым қазақстандықтың WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Комитет Әлімханұлының бұған дейін антидопинг ережелерін бұзбағанын, тергеу барысында толық ынтымақтастық танытқанын және бұл алғашқы құқықбұзушылық екенін жеңілдетуші фактор ретінде ескерген.
Шешім жарияланғаннан кейін қазақстандық боксшы жанкүйерлеріне үндеу жасады:
«Аллаға шүкір! Біз WBO чемпиондық титулын сақтап қалдық! Желтоқсанда рингке ораламыз! Тілеулес болған жандарға рахмет!»
Дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы алғашқы жекпе-жегін WBO-ның уақытша чемпионымен немесе міндетті үміткермен өткізуі тиіс. Оған дейін аралық кездесулер ұйымдастыруға тыйым салынған. Егер белгіленген талаптар орындалмаса, ұйым чемпионды қосымша рәсімдерсіз-ақ белбеуден айыра алады.
Жәнібек шаршы алаңға оралғанға дейін WBO уақытша титул үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасында жекпе-жек өткізуге рұқсат берді.
WBO шешіміне 14 күн ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған.