Ол ем қабылдау кезінде болғанын айтты.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Эгис Климас спортшының ағзасына мельдонийдің қалай түскенін айтты.
Америкалық журналист Стив Ким қазақстандық боксшының өкілімен тілдескенін алға тартты. Менеджердің айтуынша, құрамында тыйым салынған препарат бар дәрі былтыр мамыр айында медициналық мақсатта қолданылған.
Климастың мәліметінше, Жәнібек Әлімханұлы 7 мамыр күні бас ауруы, жүрек айну, құсу, бас айналу және өзге де белгілерге байланысты «Адам» клиникасына жүгінген. Бұл жағдай 25 сәуірде Астанада өткен Анауэль Нгамиссенгеге қарсы жекпе-жектен кейін болған. Дәрігерлер спортшыға құрамында мельдоний бар «Рипронат» препаратын тағайындаған. Ресми есепке сәйкес, препарат «аурудың өткір сипатына байланысты көктамыр арқылы енгізілген».
Эгис Климастың сөзінше, мельдоний ағзада ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.
«Біздің білуімізше, мельдоний адам ағзасында тоғыз айға дейін сақталады. Ем қабылдаған кезде Жәнібектің жекпе-жектері жоспарда болған жоқ және ол Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тексерісінен өтпеген. Дәрігерлер Қазақстанда рецептсіз берілетін, заңды дәрі-дәрмектерді қолданған», – деген менеджер.
Алайда желтоқсан айында алынған допинг-сынама нәтижесінде спортшының ағзасынан тыйым салынған зат анықталды. Істі қарағаннан кейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлын 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жарыстардан шеттету туралы шешім шығарды, бірақ ол чемпиондық белбеуін сақтап қалды.