Ол боксшының неліктен жарты жыл бойы тексерілмегенін де айтты.
Қазақстан кәсіби бокс федерациясының (ҚКБФ) президенті Рахымжан Ерденбеков Жәнібек Әлімханұлының жағдайына байланысты түсініктеме берді.
Ерденбековтің айтуынша, федерация жүргізген тергеу қорытындысы бойынша, Әлімханұлы «немқұрайлылықтың ең төменгі деңгейі» бойынша кінәлі деп танылған. Соған сәйкес оған айып тағылған сәттен бастап алты ай мерзімге шеттету жазасы тағайындалған.
Алайда бұған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық чемпионды бір жылға дисквалификациялаған еді. Осы орайда федерация басшысы боксшының шаршы алаңға қашан оралатыны жөнінде қосымша түсініктеме берді.
«Шынында да, WBO мен Қазақстан кәсіби бокс федерациясының шешімдерінде мерзім жағынан айырмашылық бар. Формалды түрде WBO шектеуі желтоқсан айына дейін, ал ҚКБФ шешімі маусым айына дейін күшінде болады. Дегенмен жаз айларында жекпе-жек өткізу халықаралық ұйымдардың талаптары мен шектеулеріне қайшы келмеуі тиіс.
Егер кездесу WBO санкциясынан тыс ұйымдастырылса, басқа құрылымдар тарапынан қосымша шектеулер болмауы қажет. Оның ішінде оң нәтиже тіркелген штаттың комиссиясы да бар. Қазір осы мәселе нақтыланып жатыр. Соңғы шешім құқықтық рәсімдер мен келіссөздердің нәтижесіне байланысты болады», – деді Ерденбеков Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Көпшілікті тыйым салынған заттың не себепті желтоқсан айында ғана анықталғаны қызықтырады. Бұған дейін боксшының менеджері Эгис Климас мельдоний спортшы ағзасына 2025 жылдың мамыр айында шұғыл медициналық көмек көрсету барысында түскенін, ал айыптаулар тек желтоқсанда ғана туындағанын мәлімдеген болатын.
Осыған қатысты федерация басшысы былай деді:
Комиссия отырысында бұл мәселе көтерілді. Тыйым салынған зат ағзаға 2025 жылдың мамыр айында медициналық себептерге байланысты түскен. Алайда мамыр мен желтоқсан аралығында допинг сынамалары алынбаған. Сондықтан затты ертерек анықтау техникалық тұрғыдан мүмкін болмады – талдаулар тапсырылмаған. Желтоқсандағы нәтиже – сол медициналық араласудан кейінгі алғашқы тест.
Арнайы комиссия зерттеуінің барысында спортшыларға тыйым салынған мельдоний «Рипронат» препаратының құрамында болғаны анықталды. Аталған дәрі боксшыға 2025 жылдың мамыр айында медициналық көрсеткіш бойынша қолданылған.
Рахымжан Ерденбеков бұл іске байланысты жеке ұстанымын да білдірді:
«Бұл жағдайда спорттық нәтижені жақсарту мақсатында әдейі тыйым салынған зат қолдану ниеті болмаған. Препарат өмірлік көрсеткіш бойынша пайдаланылған. Спортшы оның құрамында мельдоний бар екенін білмеген. Ол демалыс күндері жағдайы күрт нашарлаған соң шұғыл түрде медициналық мекемеге жүгінген. Дәрігер науқастың жағдайына сай бекітілген медициналық нормаларға сәйкес әрекет еткен.
Сондай-ақ «Рипронат» препараты Қазақстанда тыйым салынбаған, ел бойынша медициналық тәжірибеде кеңінен қолданылады және дәріханаларда еркін сатылады. Спорт дәрігері болмаса, ол маман WADA-ның тыйым салынған препараттар тізімін толық білуге міндетті емес. Бұл хаттамалармен арнайы спорт дәрігерлері ғана егжей-тегжейлі таныс болады, себебі олар спортшылармен тікелей жұмыс істейді, – деді Ерденбеков.