Бұған дейін WBO шешімін жариялаған.
IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан қазақстандық боксшыға қатысты шешім алдағы күндері белгілі болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Халықаралық бокс федерациясының (IBF) ресми үкімі келесі аптада жариялануы ықтимал.
Сұлтанның сөзінше, команда сабыр сақтап, істің оң нәтижемен аяқталатынына сенімді.
«Құрметті жанкүйерлер, жағдай рет-ретімен шешіліп келеді, жақын арада IBF шешімі шығады деп күтіп отырмыз. Осы мәселеге қатысты алыпқашпа әңгіме мен негізсіз болжамдар азайса дейміз. Бәрі толық шешілсін, у-шу басылсын. Біз оразамызды ұстап, Рамазанды аман-есен өткізіп алайық. Алда атқарар шаруа көп. Арнайы сұхбат жасаймыз. Біз тоқтамаймыз, білесіздер және бұрынғыдан да мықты болып ораламыз», – деді ол жанкүйерлерге жолдаған үндеуінде.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін оның сынамасынан мельдоний табылғаннан кейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық спортшыны бір жылға жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдаған еді. Дегенмен Жәнібек чемпиондық белбеуін сақтап қалды.