Сәбит финалға автоматты түрде жолдама алды.
Қазақстандық боксшы Даниал Сәбит Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан дәстүрлі «Странджа» турнирінің финалына шықты.
Бұл дода халықаралық деңгейі мен қатысушылар құрамына байланысты бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» деп те аталады.
50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында Сәбит өзбекстандық Азия чемпионы Асилбек Жалиловпен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты шаршы алаңға шыға алмады. Осылайша, қазақстандық боксшы финалға автоматты түрде жолдама алып, алтын жүлде үшін таласатын болды. Ал Жалилов турнирді қола медальмен аяқтады.
Еске салайық, бүгін кешкі сессияда Қазақстан құрамасынан тағы бір боксшы рингке көтеріледі. 70 келі салмақта Фарух Тоқтасынов өзбекстандық Шавкатжон Болтаевпен өзара кім мықтыны анықтайды.