Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Орта салмақтағы үздіктер рейтингінде Головкин «Канелоны» басып озды

20.03.2026, 11:13

Тізімді BoxingScene порталы ұсынды. 

Орта салмақтағы үздіктер рейтингінде Головкин «Канелоны» басып озды
ҚР ҰОК

Беделді BoxingScene порталы XXI ғасырдағы ең үздік орта салмақтағы чемпиондардың рейтингін жариялады.

Тізімнің көшін америкалық аңыз Бернард Хопкинс бастады. Екінші орынға қазақстандық даңқты чемпион Геннадий Головкин жайғасса, үздік үштікті аргентиналық Серхио Мартинес түйіндеді.

BoxingScene сарапшылары Головкиннің жетістігін ерекше атап өткен. Олардың дерегінше, қазақстандық боксшының орта салмақтағы титулдық айқастардағы көрсеткіші – 22 жеңіс, 1 жеңіліс және 1 тең нәтиже (20 нокаут).

Сарапшылардың пікірінше, егер рейтинг тек статистикаға сүйеніп жасалса, Головкин бұл тізімде бірінші орын алар еді. Оның чемпиондық кезеңі 2010 жылы басталып, 2022 жылға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында GGG титулдық жекпе-жектердегі алғашқы 17 қарсыласын нокаутпен жеңген.

Дегенмен автор Эрик Раскин Головкиннің бірінші орынға көтерілуіне белгілі деңгейде бір фактор кедергі болғанын айтады. Оның пікірінше, қазақстандық боксшы мансабының шарықтау шағында аса танымал қарсыластармен жиі кездесе алмады. Ол Мэттью Маклин, Дэниэл Гил, Мартин Мюррей, Давид Лемье және Келл Брук сияқты мықты боксшыларды жеңгенімен, нағыз үлкен айқастарға кешірек шыққан.

Дэниел Джейкобс тоғыз жыл ішінде Головкинге қарсы 12 раундқа төтеп берген алғашқы қарсылас болды. Ал кейін қазақстандық боксшы өзінің басты қарсыласы – Сауль Альвареспен жолығып, олардың жекпе-жектері төрешілер шешімімен аяқталған.

«Головкиннің көрсеткіштері керемет. Алайда айтулы, шешуші жеңіс санының аз болуы боксшының рейтингте екінші орынға жайғасуына себеп болды», – деп жазады автор.

BoxingScene нұсқасы бойынша XXI ғасырдағы үздік орта салмақ чемпиондарының толық тізімі мынадай:

Бернард Хопкинс

Геннадий Головкин

Серхио Мартинес

Сауль Альварес

Келли Павлик

Джермейн Тейлор

Дэниел Джейкобс

Артур Абрахам

Мигель Котто

Феликс Штурм

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам