Ұйымды Геннадий Головкин басқарады.
Ресей бокс федерациясының бас хатшысы Александр Беспутин World Boxing ұйымының Атқарушы кеңесі Ресейдің мүшелікке қабылдану өтінімін мақұлдауына байланысты пікір білдірді.
AllBoxing.ru сайтына берген сұхбатында ол федерация үшін спортшылардың мүддесі мен бокстың дамуы бірінші орында тұратынын айтты.
«Біз үшін боксшылар - бір үлкен отбасы. Ешқашан олардың кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндіктерін шектеген емеспіз және шектемейміз де. Сондықтан ресейлік боксшылардың кез келген турнирге қатысуына мүмкіндігі бар. Ол World Boxing аясындағы жарыстар болсын, Халықаралық бокс қауымдастығы ұйымдастыратын турнирлер болсын немесе кәсіпқой бокс кездесулері болсын - бәріне жол ашық», - деді Беспутин.
Ол әртүрлі деңгейдегі жарыстарда шыңдалу спортшылардың біліктілігін арттыратынын атап өтті. Сондай-ақ бәсеке артқан сайын әлемдік бокстың деңгейі де жоғарылай түсетінін жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда World Boxing ұйымын қазақстандық атақты боксшы Геннадий Головкин басқарады. Бұл ұйым 2023 жылы 1946 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан IBA-ға балама ретінде құрылған.
Жаңа олимпиадалық циклдан бастап World Boxing Олимпиада ойындарына іріктеу процесіне жауап беріп, бокс турнирін ұйымдастыру міндетін де өз мойнына алған.