26 жастағы британдық боксшы германиялық боксшыны нокаутқа түсірді
Ұлыбританиялық боксшы Хамза Шираз Египеттің Гиза қаласында өткен Glory in Giza бокс кешінде мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атанды.
26 жастағы британдық боксшы вакантты титул үшін Германия өкілі Алем Бегичпен қолғап түйістірді. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раундта-ақ аяқталды. Шираз сол жақтан жойқын соққы жасап, қарсыласын есеңгіретіп алды. Кейін шабуылын үдеткен британдық боксшы Бегичті бауырға дәл тиген соққымен тізерлетті. Неміс спортшысы төрешінің санағына дейін орнынан тұра алмады.
Осылайша, Хамза Шираз кәсіби мансабындағы 23-жеңісіне қол жеткізіп, оның 19-ын нокаутпен аяқтады. Сондай-ақ ол әлі күнге дейін жеңіліп көрмеген боксшылар қатарында қалды. Ал Алем Бегич кәсіби рингтегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бұған дейін оның еншісінде 29 жеңіс және бір тең нәтиже болған.
Айта кетейік, Хамза Шираз бұған дейін орта салмақта өнер көрсетіп, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен чемпиондық жекпе-жек өткізуі мүмкін болған. Алайда тараптар келісімге келе алмай, британдық боксшы кейінірек екінші орта салмаққа ауысқан еді. Жаңа дивизиондағы екінші айқасында-ақ ол WBO әлем чемпионы атанып отыр.