Украиналық чемпион қарсыласына да ерекше құрмет білдірді
Украиналық әлем чемпионы Александр Усик Рико Верхувенге қарсы жекпе-жектен кейін еліндегі ауыр жағдай туралы айтты.
24 мамырға қараған түні өткен тарихи айқаста Усик нидерландтық қарсыласын 11-раундта нокаутқа жіберіп, аса ауыр салмақтағы WBA, WBC және The Ring белбеулерін қорғап қалды. Жекпе-жек оңай өткен жоқ. Верхувен чемпионға лайық қарсылық көрсетіп, рингте нағыз тартыс сыйлады.
Алайда жеңістен кейін Усиктің басты әңгімесі бокс емес, Украинадағы жағдай болды. Оның айтуынша, жекпе-жек өтіп жатқан сәтте отбасы мен жақындары әуе шабуылдары мен бомбадан қорғанып отырған.
«Қазір менің отбасым Украинада жарылыстардың ортасында отыр. Қызым маған бомбадан қорғанатын орында отырып, хабарлама жазды: «Әке, мен сені жақсы көремін. Сен міндетті түрде жеңесің. Мен қорқамын...» деді. Мұндай сөздерді оқу өте ауыр», — деді Усик көзіне жас алып.
Украиналық чемпион қарсыласына да ерекше құрмет білдірді. Оның сөзінше, Верхувен жекпе-жекке өте тыңғылықты дайындалған. Соған қарамастан Усик өз тактикасын мінсіз орындап, шешуші сәтте айқасты мерзімінен бұрын аяқтай алды.
«Рико – өте мықты қарсылас. Бұл мен үшін ауыр әрі маңызды жекпе-жек болды. Бірақ мен өз жұмысымды атқардым. Бұл жеңісті Украина халқына және елін қорғап жүрген жауынгерлерге арнаймын», – деді әлем чемпионы.
Айта кетейік, 39 жастағы Александр Усик кәсіпқой рингте әлі жеңіліп көрмеген. Оның еншісінде 25 жеңіс бар, 16 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған.