Усик пен Фьюри бұған дейін 2024 жылы екі рет кездескен
Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Тайсон Фьюри украиналық Александр Усикпен үшінші рет кездескісі келетінін мәлімдеді.
Британдық боксшы мұндай ұсынысты Энтони Джошуамен жоспарланған жекпе-жекке қатысты келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін жасады. Фьюридің айтуынша, ол қарашада Усикпен жұдырықтасуға дайын.
«Қарашада тағы кездесіп, бәрін қайталайық. Енді шешім сенде: биыл менімен жұдырықтасасың ба, әлде мансабыңды аяқтайсың ба?», — деді Фьюри.
Усиктің менеджері Сергей Лапин де Фьюридің ұсынысына жауап беріп, украиналық боксшыны қосалқы қарсылас ретінде қарастыруға болмайтынын айтты.
«Усик – Тайсонның қосалқы жоспары емес. Нақты ниет баспасөздегі мәлімдемемен емес, ресми ұсыныспен дәлелденеді», — деді Лапин.
Усик пен Фьюри бұған дейін 2024 жылы екі рет кездескен. Мамырдағы алғашқы жекпе-жекте украиналық боксшы төрешілердің бөлек шешімімен жеңіп, ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды. Желтоқсанда өткен қарымта кездесуде де Усик төрешілердің бірауыз шешімімен басым түсті.
Осылайша, ықтимал үшінші жекпе-жек Фьюри үшін екі жеңілістің есесін қайтаруға мүмкіндік болмақ. Дегенмен трилогияның өтуі әзірге екі тараптың ресми келісіміне байланысты.