Жәнібек Әлімханұлы Сауль «Канело» Альвареспен жекпе-жек өткізгісі келетінін айтты
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы үш салмақта абсолютті әлем чемпионы атанған америкалық Теренс Кроуфордтың әлеуметтік желідегі жазбасына пікір білдірді.
Теренс Кроуфорд кәсіпқой бокста көргісі келетін бірнеше жекпе-жекті атап, жанкүйерлер үшін қызықты болуы мүмкін бірқатар қарсыластықты ұсынған. Оның тізімінде Джервонта Дэвис – Шакур Стивенсон, Наоя Иноуэ – Джесси Родригес, Джарон Эннис – Вёрджил Ортис, Дэвид Бенавидес – Джей Опетая сынды жекпе-жектер бар.
Алайда америкалық боксшының тізімінде Жәнібек Әлімханұлының есімі болмады.
Бұған назар аударған қазақстандық боксшы Кроуфордқа әлеуметтік желі арқылы тікелей сауал қойды.
«Бауырым, неге “Жәнібек – Канело” жекпе-жегін қоспадың?» – деп жазды Әлімханұлы.
Жәнібек осылайша Сауль «Канело» Альвареспен ықтимал жекпе-жекті тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хамза Шираз чемпиондық белбеуінен бас тартқан болатын. Британдық боксшы титулын Жәнібек Әлімханұлына қарсы жекпе-жекте қорғауға келіспеген.