Нұрбек Оралбай Қазақстан чемпионатына қатыспайтын болды

Боксшы Өзбекстан өкілі Турарбек Хабибуллаевпен жекпе-жек кезінде иығын жарақаттап алған

ҰОК
ҰОК

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай Жапонияда өткен Азия ойындарында жарақат алғанын айтып, Қазақстан чемпионатына қатыса алмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы журналист Аслан Қаженов хабарлады.

Журналистің айтуынша, қазақстандық боксшы Өзбекстан өкілі Турарбек Хабибуллаевпен жекпе-жек кезінде иығын жарақаттап алған. Осыған байланысты ол ел чемпионатында өнер көрсете алмайды.

«Нұрбек байланысқа шықты! Қазақстан чемпионатына жарақатына байланысты қатыса алмайтынын айтты. Турарбекпен жекпе-жекте иығын зақымдап алған. Қажет болса, медициналық анықтама мен рентген суретін ұсынуға дайын. Сонымен қатар 90 келіге дейінгі салмақтағы бәсекелестіктен қашпайтынын, әлі де үздік екенін дәлелдеуге ниетті екенін айтты», — деп жазды Аслан Қаженов.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынады. Ол алғашқы жекпе-жегінде Ауғанстан боксшысы Силаб Нуриді 5:0 есебімен жеңгенімен, ширек финалда Турарбек Хабибуллаевқа төрешілердің бөлінген шешімімен (2:3) есе жіберді.

Осылайша, қазақстандық боксшы Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады. Ал Хабибуллаев аталған салмақта алтын медаль жеңіп алды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам