Турнирде жеңімпаздар болмайды
Италияның Бусто-Арсицио қаласында Париж олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан халықаралық турнирде жартылай финалдық бәсекелер мен финалдық жекпе-жектер өтпейтін болды. Бұл – аталған турнирдің басты ерекшелігіне баланып отыр.
Қазақпараттың жазуынша, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов осылай деп мәлімдеді.
«Биылғы бұл турнир бұрынғы бәсекелерден өзгешелігімен есте қалайын деп тұр. Боксшылар алтын, күміс жүлде үшін шаршы алаңға шықпайды. Себебі аталған турнирде боксшылар Олимпиада жолдамасына таласып жатыр. Ереже бойынша әр салмақтан жартылай финалға жеткен 4 боксшы сол жолдаманы қанжығасына байлайды. Жолдама жеңіп алған соң ары қарай жекпе-жек болмайды. Бұл да дұрыс шешім болар. Сондықтан боксшыларымыз ширек финалдан сүрінбей өтсе болды, жолдамаға қол жеткізеді. Ары қарай шаршы алаңға шықпайды», - деді бас бапкер.
Лицензиялық турнирде 2024 жылғы Париж олимпиадасының жолдамалары беріледі. Бұл сынға Қазақстан құрамасы сапында ерлерден 6 боксшы, әйелдерден 5 боксшы қатысып жатыр.