Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов: Қазақстан чемпионатына тағы кімдер қатыспайды?

Бірқатар көшбасшы боксшы жарыстан тыс қалды

ҚБФ
ҚБФ

29 қазанда Таразда бокстан Қазақстан чемпионаты басталады. Ел біріншілігі 2027 жылғы маусымда ұлттық құрама сапына енетін спортшыларды іріктеудегі негізгі жарыс саналады. Алайда биылғы чемпионатқа бірнеше салмақ дәрежесіндегі көшбасшы боксшы қатыспайды.

Журналист Аслан Қаженовтің мәліметінше, 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай ел біріншілігіне қатыспайды. Оның жарыстан тыс қалу себебі әзірге белгісіз.

55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан Азия ойындарынан кейін демалыс алған. Ал Сәкен Бибосынов жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмайды.

60 келіге дейінгі салмақта өткен жылғы Қазақстан чемпионы Серік Теміржанов та жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпайды. 65 келіге дейінгі салмақта былтыр жеңімпаз атанған Санатәлі Төлтаев кәсіпқой боксқа ауысқан.

70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан Азия ойындарынан кейін демалыс алған. Абылайхан Жүсіпов те биылғы ел біріншілігіне қатыспайды.

Ал 75 және 80 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде көшбасшы боксшылардың барлығы бақ сынайды. 90 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай жарақатына байланысты жарыстан тыс қалса, аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбайға демалыс берілген.

Қазақстан чемпионаты 29 қазан мен 6 қараша аралығында Тараз қаласында өтеді. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құраманың 2027 жылғы маусымға арналған құрамы жасақталады. Бұған дейін ұлттық құраманың бас бапкерлері 2026 жылғы Азия ойындарының жүлдегерлері ғана іріктеуден тыс қалатынын, ал қалған боксшылар халықаралық жарыстарға қатысу құқығын ел біріншілігінде дәлелдеуі керектігін айтқан.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам