Әлімханұлының Даниядағы жекпе-жегіне билеттер 30 минутта сатылып кеткен

Алғашқы 90 секундта 250 мың дат кронына билет сатылған

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен даталық Якоб Банк арасындағы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жекке жергілікті жанкүйерлердің қызығушылығы жоғары.

23 қаңтарға жоспарланған кездесудің билеттері сатылымға шыққан алғашқы минуттардан-ақ сатылған. 

Primetime Boxing промоутері Каспер Хольгерсеннің айтуынша, алғашқы 90 секундта 250 мың дат кронына билет сатылған. Ал алғашқы 15 минутта мыңнан астам жанкүйер аренадағы орындарын сатып алған. Жарты сағат ішінде билет сатылымынан түскен табыс 1 миллион кроннан асқан.

«Біз осындай деңгейдегі әлем чемпиондығы жекпе-жегін Данияға әкелу үшін көп жұмыс атқардық. Жергілікті жанкүйерлердің мұндай ықыласы біз үшін өте маңызды. Бұл жай ғана бокс кеші емес, адамдар қатысқысы келетін үлкен спорттық оқиға», – деді Хольгерсен.

Оның сөзінше, Primetime Boxing компаниясы дат кәсіпқой боксын үлкен аренаға қайтаруды мақсат еткен. Алдағы жекпе-жек пен билеттер сатылымына деген сұраныс осы бағыттағы жұмыстың нәтижесін көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы кездесу 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Бұл қазақстандық боксшы үшін екінші орта салмақтағы алғашқы жекпе-жек болмақ. Бұған дейін «Қазақ стилі» орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді иеленген.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам