Қазақстандық боксшы қазір IBF рейтингінде тоғызыншы орында
Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен бокс кешіндегі жеңісінен кейін келесі мақсатын атады. Ол IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы, кубалық Ослейс Иглесиаспен жұдырықтасқысы келеді.
Нұрмағанбет мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен француз Кристиан Мбилли арасындағы титулдық жекпе-жектің андеркардында мексикалық Маркос Васкес Родригесті бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Жекпе-жектен кейін қазақстандық боксшы қарсыласын нокаутқа жіберу бастапқы жоспарына кірмегенін айтты.
«Менің жоспарым нокаут жасау емес, ақылмен жұдырықтасу еді. Бірақ бұл – бокс. Бір соққы бәрін өзгертіп жіберуі мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ Бек келесі қарсыласы кім болуы мүмкін екенін де жасырмады. Оның айтуынша, қазір IBF рейтингінде тоғызыншы орында тұр және осы ұйымның чемпионымен кездесуді қалайды.
«Әрине, мен үлкен жекпе-жектер өткізгім келеді. Қазір IBF рейтингінде тоғызыншы орындамын. Бұл ұйымның чемпионы – кубалық Иглесиас. Мен сол жекпе-жекті қалаймын. Оған айтарым: белбеуіңді сақтап қой, мен сенің артыңнан барамын», – деді Нұрмағанбет.
Айта кетейік, Ослейс Иглесиас IBF нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионы атағын биыл 9 сәуірде Канаданың Монреаль қаласында жеңіп алды. Ол ресейлік Павел Силягинді сегізінші раундта техникалық нокаутпен ұтқан. Қазан айында кубалық боксшы титулын қорғап, даниялық Оливер Заренді мерзімінен бұрын жеңді.