Екінші орта салмақтағы чемпиондық кездесу толық 12 раундқа созылды
Мексикалық бокс жұлдызы Сауль «Канело» Альварес Эр-Риядта өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде француз Кристиан Мбиллиді жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қайта иеленді.
Екінші орта салмақтағы чемпиондық кездесу толық 12 раундқа созылды. Жекпе-жек бойы Мбилли шабуылға көбірек көңіл бөліп, алғашқы нөмірмен жұдырықтасты. Ал «Канело» негізінен қорғаныста жүріп, қарымта шабуылдар арқылы жауап берді.
Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіс Сауль Альвареске берілді. Осылайша мексикалық боксшы қарсыласына кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеп, WBC белбеуін өзіне қайтарды.
Айта кетейік, «Канело» соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың қыркүйегінде өткізіп, америкалық Теренс Кроуфордтан жеңілген болатын. Сол кездесуден кейін ол абсолютті әлем чемпионы атағынан айырылды.
Ал 31 жастағы Кристиан Мбилли былтыр қыркүйекте Лестер Мартинеспен жұдырықтасып, кездесу тең аяқталған еді. «Канеломен» өткен жекпе-жек оның кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісі болды.