Боксшы қыздардың дауына нүкте қоямыз дейді ол
Бокстан әйелдер құрамасына бас бапкер болып тағайындалған Елдос Сайдалин алда қандай бағытқа басымдық беретінін атады.
Olympic.kz сайтына сұхбат берген маман өзін алда жаңа қызметте қандай міндеттер күтіп тұрғанын айтып, ойымен бөлісті.
«Мұндай қызметті сеніп тапсырғаны үшін басшылыққа үлкен алғысымды айтамын. Иә, алда бір ғана лицензиялық турнир қалды. Атқаратын жұмыс көп. Жауапкершіліктен қорқып, қашсам да болатын еді. Бірақ ұлттық құраманы жаттықтыру – менің арманым! Әрі команданың қазіргі жағдайына қанық болған соң, жауапты сәтте жалтару бапкерлігіме сын болар еді. Құраманың қыздарын жақсы білемін. Барлығы да әлемдік деңгейдегі боксшылар. Талай жарыстарда шыңдалған. Сол себепті, бар күшімізді салып, соңғы лицензиялық жарыста мейілінше көп жолдама алуға тырысамыз», - деді ол.
Бұдан бөлек, жаңа бапкер құрамада тәртіп орнатуға ең бірінші кезекте мән беретін жеткізді.
«Тәртіпке бас иген құл болмайды», - деген Бауыржан Момышұлы. Сондықтан, тәртіпке баса назар аударамыз. Өз спортын, өз командасын құрметтейтін адам ешқандай алыпқашпа әңгімелерге ермейді, команданың ауызбіршілігін бұзбайды. Қазір бокстан әйелдер құрамасы жайлы қаңқу сөз көбейіп кетті. Бұл мәселелерге де нүктесін қоямыз деп сенемін», - деді Е.Сайдалин.
Бұған дейін әйелдер құрамасында Ангелина Лукас пен Назым Қызайбайдың арасында шу шығып, екеуара тартыс біразға созылған еді. Бұдан бөлек тағы бірнеше жайт құрамадағы татулықтың барына жұрттың күмәнін көбейткені жасырын емес.
Елдос Сайдалин 8-10 сәуір күндері Алматыда 4 салмақ дәрежесі бойынша өтетін спаррингтік сынға да ерекше тоқталды.
«Алдағы күндері спаррингтік турнир өтеді. Сол сында үздіктерді таңдап аламыз. Команданың есігі бәріне де ашық. Ұлттық құрамадан шығарылған Ангелина Лукасқа да мүмкіндік беріп отырмыз. Өз мықтылығын көрсетсін, мархабат. Ешкімді бөліп-жармаймыз. Әлем, Олимпиада чемпионы болсын, Қазақстанды он рет ұтсын, бәрібір. Барлығын да әділетті түрде таңдаймыз. Өте мықты команда болатынымызға сенемін», - деді Елдос Сайдалин.