Бұған дейін ол Қазақстан бокс федерациясындағы әділетсіздік туралы айтқан болатын
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас 8-10 сәуірде Астанада өтетін спаррингке қатыспайды. Бұл туралы боксшының өзі мәлімдеді.
Есте болса Қазақстанның бокс федерациясы Тайландағы лицензиялық жарысқа баратын боксшы қыздарды спарринг арқылы іріктейтінін мәлімдеген болатын. Бұл сынға кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Ангелина Лукас пен Балауса Мұздыман да шақыртылды.
«Қазіргі кезде Ангелинаның кәсіпқой бокстағы тығыз дайындық кестесі мен келісімге қол қоюына байланысты, 25-сәуірге дейін әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жекке шығуы тиіс», - деп жазды Лукастың өкілдері.
Айта кетейік, Лукас пен Мұздыман 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне шақырылды. Бұл салмақта Италиядағы лицензиялық жарысқа Жайна Шекербекова барып, жеңіліп қалған.
Ал, Ангелина Лукас болса бокстан қыздар құрамасында ауызбіршілік пен тәртіптің жоқ екенін, сондай-ақ, іріктеуден таныс-тамыры барлар ғана өтетінін айтқан.