12 боксшының алтауы жеңіп, алтауы жеңілді
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Астанада 22 жасқа дейінгі жастар арасында өтіп жатқан ASBC Азия чемпионатының финалына шықты.
67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сабырхан төрешілердің ортақ шешімімен үндістандық боксшы Сумиттен басым түсті, есеп – 5:0.
Төрехан енді финалда өзбекстандық Мухамедазиз Исмаиловпен өзара мықтыны анықтайды. Өз кезегінде өзбек боксшысы жартылай финалда иорданиялық Жарадат Назмиді техникалық нокаутпен ұтқан болатын.
Бұған дейін Төрехан Сабырханның Қырғызстан өкілі Рамзан Қадыровпен шаршы алаңға шығып, техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жазғанбыз.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан – 2023 жылы әлем чемпионы Махмұд Сабырханның туған інісі. Ол 19 жасқа әлі толмағандықтан, 2024 жылғы Олимпиадаға іріктеу турниріне қатыса алмады.
Жалпы, бүгін, 3 мамыр күні, ерлер арасында алты боксшымыз алтын үшін таласуға мүмкіндік алды. Соның ішінде алғаш болып финалға жолдама алған – 60 келі салмақ дәрежесіндегі Алексей Хаванцев.
Ол жартылай финалда өзбек Мироншох Норкосимовті жарыс жолынан шығарды. Азия чемпионаты басталғалы Хаванцев Бутан және Түрікменстан боксшыларынан басым түскен. Енді жеңімпаз атағын үндістандық Сагар Джахармен сарапқа салады.
Сонымен қатар, 71 келіде бақ сынайтын жерлесіміз Өнер Сейілхан да Азия чемпионатының финалисі атанды.
Ол Қытай боксшысына еш мүмкіндік қалдырмады, есеп – 5:0.
Өнердің ақтық сындағы қарсыласы – Пряндшу (Үндістан).
Ал 75 келіде Санжарәлі Бегалиев жартылай финалдық жекпе-жекті алғашқы раундта-ақ аяқтап, Қазақстан командасынан төртінші финалист атанды. Ақтық сында ол үндістандық Рахул Кундудың қарымын байқайды.
80 келінің саңлағы Мадияр Бексұлтанов та аянып қалмады. Ол өзбек Жавохир Мехриддиновті 4:1 есебімен ұтты. Ал финалда қырғызстандық Мухаммадазиз Закировпен қолғап түйістіреді.
Тағы бір финалистің есімі – Иманғали Нұрпейіс. 86 келіде бақ сынайтын Иманғали кореялық қарсыласын алғашқы минуттарда жеңіп, енді Ахмаджон Исроиловпен (Өзбекстан) жұдырықтасады.
Қалған боксшыларымыздың арасынан 51 келіде Бексұлтан Боранбек жартылай финалда үнді Аряннан жеңіліп, 3-орынға тұрақтады. Алғашқы жекпе-жегінде Бексұлтан түрікмен спортшысын жыққан еді.
54 келідегі Нұрасыл Төлебек те қола жүлдені қанағат тұтты. Финал жолдамасы сарапқа салынған кезеңде Нұрасыл өзбек Собиржон Тастановтан ұтылды - 4:1
57 келінің өкілі Жансері Көшербаев Азия чемпионатының ақтық сынына жете алмады. Жансері иорданиялық Каис Эшишке 0:3 есебімен жол берсе, 63,5 келінің өкілі Ахмет Үсен тәжік Руслан Гафуровқа есе жіберді.
92 келіде Расул Асанхановтың Халимжон Мамасолиевке (Өзбекстан), +92 келідегі Нұркелді Жұматайдың Шахзод Полвоновқа (Өзбекстан) шамасы жетпеді.