Қазақ боксшысы былтыр қазан айынан кейін рингке шыққан жоқ
Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Джермалл Чарло (33-0, 22 КО) мас күйде көлік жүргізіп, жол апатына себепкер болғаннан кейін Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) оның чемпиондық белбеуін тартып алған болатын. Титул осы салмақтағы чемпиондыққа басты үміткер – доминикалық Карлос Адамеске (23-1, 18 KO) берілген.
Осы жаңалық жария болысымен WBO және IBF чемпиондық титулдарының иесі Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) Адаместі жекпе-жекке шақырған еді.
«Карлос Адамес, клубыма қош келдің! Құттықтаймын! Енді сен әлем чемпионысың, жекпе-жек ұйымдастырайық. Біз дайынбыз! Төрт белбеу! WBC, IBF, WBO және The Ring», – деп жазды Жәнібек Twitter-парақшасында.
Адамес болса Жәнібектің бұл шақыртуына мысқылмен жауап қатты.
«Құттықтауыңа рахмет! Бірақ, сен қандай клубты айтып тұрсың? Егер сен элиталық клуб туралы айтсаң, сенің өзің әлі ол жақта емессің. Чемпиондық атақтан ләззат алуыма бір күн де уақыт бермедің ғой… Ендеше, мен үш титулды аламын, еш проблема емес» - деп жауап қайтарды Адамес Әлімханұлына.
Айта кету керек, Жәнібек Әлімханұлы жыл басынан бері боксшыларды жекпе-жекке әлеуметтік желі арқылы шақырып әлек. Алайда, олардың ешбірі Жәнібекке нақты жауап қатар емес.