Өзбекстандық боксшылар жүлдесіз қайтпауды мақсат етіп отыр
Париж Олимпиадасының қарсаңында Өзбекстанның Ұлттық олимпиада комитеті бокстан ұлттық құрамасының жоспарын жариялады.
Өзбекстан ҰОК баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде боксшылардың олимпиадалық ауылға жеткені және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге барын салатыны айтылған. Төртжылдықтың басты додасының алдында Нансидегі оқу-жаттығу жиындары сәтті өтіп, Франция астанасында қорытындыланатыны көрсетілген.
Қазақстанның ерлер құрамасы секілді Өзбекстан да биылғы Олимпиада ойындарында барлық жеті салмақта бақ сынайды. Бұл жайт боксқа деген жанкүйерлер қызығушылығын арттырып, Орталық Азиядағы былғары қолғап шеберлерінің деңгейін айқындаса керек.
Сонымен, Өзбекстан Париждегі аламанда барлық салмақта медаль алуды көздейді. Көрші елдің сапында Олимпиада және әлем чемпиондары бар екенін айта кету керек.
Қазақстан құрамасы да кіл мықтыларын апарды. Құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль еншілеуді жоспарлап отырғанын алға тартқан.