Соңғы рет отандасымыз қазан айында рингке шыққан еді
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBO/IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өзінің промоутері Боб Арумға әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады. Қазақ боксшысы жекпе-жек өткізетін лайықты қарсылас таппай жүр.
«Боб Арум, Карл Моретти және Top Rank Boxing маған мықты боксшымен жекпе-жек ұйымдастырып береді деп үміттенем», - деп жазды Әлімханұлы X әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін WBO Жәнібекті британдық боксшы Хамза Ширазбен жұдырықтасуға міндеттеген еді. Алайда, соңғысы бұл жекпе-жекке қызығушылық танытпай, оның орнына WBC чемпионы доминикалық Карлос Адаместі таңдады. Ал, WBA чемпионы Эрисланды Лара болса кіші Крис Юбенкпен келіссөздер жүргізуде. Яғни, Әлімханұлыға бұл салмақта лайықты қарсылас табу енді қиын.
Еске салайық, қазан айының басында Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайловичпен кездесіп, оны нокаутпен жеңген.