
Ерлер құрамасы жалпы саны 18 медаль иеленді
Болгарияда аяқталған «Странджа» турнирінде еліміздің ерлер құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, медаль саны бойынша Өзбекстан құрамасынан басым түсті.
76-шы рет өткен «Странджа кубогы» халықаралық турнирінде ұлттық ерлер құрамасы жалпы саны 18 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастап отыр. Екінші орынға тұрақтаған Өзбекстан боксшылары 5 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды.
Ұлттық құрама мүшелері арасында Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Төрехан Сабырхан (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов 86 (кг) чемпион атанды. Сондай-ақ, ел боксшылары арасында Төрехан Сабырхан «Странджа» турнирінің ең жас жеңімпаз ретінде тарихқа енді.
Бұдан бөлек, Даниял Сәбит (51 кг), Тимур Қабдешов (54 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 кг), Фарух Тоқтасынов (71 кг), Тимур Нұрсейітов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (80 кг), Нұрбек Оралбай (86 кг), Айбек Оралбай (+92 кг) күміс медальға ие болды. Ал Теміртас Жүсіпов (48 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Данияр Рахымбердиев (92 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кететін жайт, бұл сынға еліміздің 25 боксшысы аттанған еді. Олардың арасында әлем чемпиондары, 48 келіде Санжар Тәшкенбай мен 54 келіде Махмұд Сабырхан аталған турнирдің жүлдесіне қол жеткізе алмады.
Биыл Болгариядағы турнирге 20 мемлекеттің боксшылары сынға түскен еді. Оның ішінде төрт салмақ бойынша финалда қазақ боксшылары өзара қарсылас атанды.