
Екеуінің бір-бірін жекпе-жекке шақырып жүргеніне 2 жылдан асты
Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) доминикалық Карлос Адаместің жуырда жасаған мәлімдемесіне өз пікірін білдірді.
Еске салайық, WBC чемпионы Адамес жуырда ғана титулын қорғау үшін британдық Хамза Ширазбен (24-1-1, 18 КО) жұдырықтасып, тең түскен болатын. Мұнан кейін ол 8 аптадан кейін қайта рингке шығуға дайын болатынын, өз салмағында ешкімді қарсылас көрмейтінін айтқан.
«Сен өзіңді мықты боксшымын деп айтпа. Біз бәріміз сенің кім екеніңді жақсы білеміз. Мен саған мүлдем ешнәрсе айтқым келмейді, өйткені сен бәрібір менімен рингке шықпайсың. Сен тіпті, Ширазды да жеңе алмадың. Сен менің деңгейім емес екеніңді бәрі көрді. Сен жай ғана чемпиондық титулды уақытша ұстап жүрген боксшысың», - деп жазды Жәнібек өзінің X-парақшасында.
Осы ретте айта кету керек, Карлос Адамес келесі жекпе-жегін өзге қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанмен өткізуі мүмкін. Ал, Жәнібек 5 сәуірде Астанада француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгемен (14-0, 9 КО) жұдырықтасады.