
Ел боксшылары Ресейдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысады
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы жоспарымен бөлісті. ҰОК өкілдерімен әңгіме барысында бас бапкер екі аптадан соң ел боксшыларын Ресейдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысатынын мәлімдеді.
«20 наурыздан бастап Ресейдің Кисловодск қаласында біріккен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл жиынға Ресейдің, Өзбекстанның, Әзірбайжанның, Беларусьтың 1-2 нөмірлі боксшылары қатысады. Бір құрамамыз Бразилияда өтетін Әлем кубогына аттанады. Одан бөлек тағы бір құрамамыз Әзірбайжан мен Грузияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Кейіннен 10-16 сәуір аралығында "Жібек жолы" атты ірі халықаралық турнирде өнер көрсетеді. Сондай-ақ 13-27 наурыз аралығында Жапония мен Корея мемлекеттерінің қатысуымен жаттығу жиыны өтеді. Ал Ресейде дайындалып жатқан спортшылар Хабаровскіде өтетін жарысқа қатысады», - деді Қ.Сәтжанов.
Сонымен бірге, ол «Странджа» турнирінде жүлдесіз қалған әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырханға және 92 келіде Сағындық Тоғамбайдың неліктен жарыстан тыс қалғанына қатысры пікір білдірді.
«Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан алтын медальға қол жеткізе алар еді. Бірақ 48 келі салмақта өнер көрсететін Санжар өзінің бірінші жекпе-жегінде саусағын шығарып алғанына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Жарысқа бір күн қалған кезде Махмұд Сабырхан тағамдық инфекцияға байланысты жекпе-жекке шықпады. Дәрігерлер айтуынша, оның жүрегі айнып, қызуы көтерілгенін атады. Нәтижесінде 3 наурызға дейін спортпен шұғылдануға болмайды деген анықтама берді. 92 келі салмақ дәрежесінде Сағындық Тоғамбай дайындық барысында саусағын сындырып алған болатын. Сондықтан ол жарысқа қатыса алмады», - деді бас бапкер.
Ұлттық құраманың боксшыларына баға берген маман Болгариядағы турнирді қорытындылады.
«Жарыс жоғары деңгейде өтті. Аталмыш турнирге Олимпиада жеңімпаздары, Азия чемпионатының жүлдегерлері, сонымен қатар Еуропа чемпионатының жеңімпаздары қатысты. Дей тұрғанмен біздің жігіттер өз бабында болды. Жарыста керемет өнер көрсетті», - деді ол.
"Странджа" турнирінде Қазақстан құрамасы 5 алтын, 9 күміс, 4 қола медаль иеленді. Осылайша ұлттық құрама өз рекордын жаңартып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға тұрақтаған болатын.