
Ол биыл АҚШ-қа кетуді жоспарлап отыр
Қазақстандық боксшы қыз Балауса Мұздыман Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде филиппиндік қарсыласын төрешілер шешімі бойынша жеңді.
Екі минуттан 8 раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін Балаусаның басымдығымен өтті. Содан да болар, төрешілер еш ойланбастан жеңісті қазақстандық боксшыға ұстатты.
Айта кету керек, бұл Балауса Мұздыманның кәсіпқойдағы жетінші жекпе-жегі болатын. Ол бәрінде жеңіске жеткен, бесеуінде нокаутпен. Ал, филиппиндік Мария Тереза Пинили болса осымен үшінші рет жеңілді. Тағы 7 жекпе-жекте жеңіске жеткен.
Осы жеңістен кейін Балауса Мұздыман 1bol.kz тілшісіне сұхбат беріп, алдағы жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, байырғы қарсыласы Ангелина Лукаспен өтуі мүмкін жекпе-жек туралы да айтты.
– Қарсыласыңыз жекпе-жек алдында ауысып кетті. Бұған не айтасыз?
– Америкалық боксшыны күткеніміз рас, бірақ маған белгісіз себептермен ол келе алмай қалды. Бірақ, бүгінгі филиппиндік боксшыны да әлсіз деп айта алмаймыз, мықты дайындықпен келген
– Бұдан кейінгі жоспарыңыз қандай?
– Командаласым Нұржан Серікбаев жуырда Эр-Риядқа барып, WBC-дің гран-приінде жұдырықтасады. Содан кейін АҚШ-қа кету жоспарымызда бар.
– Ангелина Лукасты жекпе-жекке шақырған едіңіз. Оның соңы немен аяқталды?
– Ол тараптан ешқандай жауап болмады, сондықтан қазір Лукас маған қызық емес.