
Америкалық боксшы Кайрон Дэвис Адамес пен Лараға да үндеу жасады
Орта салмақта өнер көрсететін америкалық боксшы Кайрон Дэвис (19-3-1, 6 KO) өз дивизионындағы барлық әлем чемпиондарымен жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеп, қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 KO) ашық түрде қарсылас атануға ниетті екенін білдірді. Бұл туралы Boxingscene.com жазды.
Қазіргі таңда Жәнібек WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанып отыр. WBA белбеуі кубалық Эрисланди Лараға (31-3-3, 19 KO), ал WBC титулы доминикандық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 KO) тиесілі.
«Бұл жігіттердің барлығы бекер чемпион атанған жоқ. Сондықтан ешқайсысын жеңіл қарсылас деп бағаламаймын. Мұндай деңгейге жеткен әрбір боксшы — нағыз мықты. Мен олардың барлығымен рингте кездескім келеді», - деді Дэвис.
Сонымен қатар америкалық спортшы қарсыластарын жеке-жеке талдап өтті. Оның айтуынша, Лара жасы ұлғайған және физикалық жағынан өзгелерден әлсіздеу. Адаместің қорғанысында әлсіз тұстар көп. Ал Жәнібек туралы:
«Ол, бәлкім, ең жан-жақты дамыған боксшы шығар. Бірақ кей сәттерде жалқаулыққа салынып кететіні байқалады. Дегенмен әрқайсысына қарсы тиімді әдіс табуға болады. Мен бұл жігіттермен жекпе-жек өткізгім келеді», - деп түйіндеді Дэвис.