Боксшыларға «Алланың қалауымен» деп айтуды қою керек – Мерей Ақшалов

06.06.2025, 21:56

Ол жеңіліске боксшылардың өздері жауапты дегенді айтып отыр

Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы, бүгінде Қазақстан бокс федерациясында бас хатшы қызметін атқаратын Мерей Ақшалов ұлттық құраманың Париж олимпиадасындағы өнеріне баға берді. 

Ақшалов төртжылдықтың бас додасының қорытындысы бойынша көпшіліктің сынына ұшыраған сол кездегі бас бапкер Мырзағали Айтжановты қолдап пікір білдірді. 

«Париж Олимпиадасының нәтижесіне қатысты ойымды білу үшін сұхбатқа шақырғандар көп болды. Бірақ өзім бас тарттым. Себебі спортта жүргеніммен, құрамада жоқпын, ішкі аурадан хабарсыз едім. Сондықтан да жаппай сынап жатқандардың қатарына қосылғым келген жоқ. Көпшілігі бапкерлерді жерден алып, жерге салып жатты. Бірақ сол сынағандар ересектер демей-ақ қояйын, тіпті жасөспірімдер арасында Азия чемпионын даярламаған адамдар. Мырзағали Айтжанов 2012 жылы Олимпиаданың үш медалін сыйлаған бапкер, 2016 жылы да дәл сондай нәтиже болды. Ол қаншама әлем чемпионын даярлаған, өте тәжірибелі маман. Соның бәрін жоққа шығара салу дұрыс емес», - деді кезінде өзі де дәл осы бапкердің қарамағында жүріп әлем чемпионы атанған Ақшалов. 

Ол нәтижелерге боксшылардың өздері жауапты екенін алға тартып, былғары қолғап шеберлерінің тым сақ жұдырықтасқанын айтады. 

«Олимпиаданы қарап отырдым. Екінші раундтан соң есеп тең. Үшінші раунд шешуші кезең болды. Бірақ балалар сол кезеңде барын салмайды. Сен сол жерде өлуің керек, бар күшіңді салуың қажет. «Физикасы, функционалдық даярлығы нашар, тыныс ала алмай жатыр» деді. Егер нашар болса, боксшылар құлаушы еді. Себебі ондай кезде сенің аяқтарың ұстамай қалады. Ал біздің балалар жекпе-жектен соң «бәрі Алланың қалауымен» деп сұхбат беріп тұрады. Бұл дұрыс емес. Бірінші кезекте жауапкершілік өзіңде. Төрешіге жеңгеніңді дәлелдеуің керек. Не бел кететін, не белбеу кететін сәт. Сенің жеңіске деген құлшынысыңды көрсе, төреші де ойланады. Ал біздікілер сен тимесең, мен тиме деп жүреді», - дейді Мерей Ақшалов. 

Маман жетістікке жету үшін әдеттегіден де көп жаттығу жасау керектігін тілге тиек етті.

«Алланың қалауымен дегеннің өз шарттары бар. Оны өздеріне де айтқанмын. Ерте тұр, залда барыңды салып жаттығу жаса. Бапкер 20 рет тартыл десе, сен 25 рет тартыл. Демалыс күндері 11-ге дейін ұйықтап жатпа, шынық. Сонан соң жекпе-жекте 120 пайыз жұмыс істе. Сонан соң ғана барып «Алланың қалауы» деп айт. Өйткені сен қолыңнан келген амалдың бәрін жасадың», - деді бокс ардагері.

Еске салайық, Париж Олимпиадасында жеңілген боксшылардың барлығы дерлік жекпе-жектен кейін «жеңілістің себебі – Алланың қалауы» деп мәлімдеген болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам