Астанада тек әйелдер құрамасы өнер көрсетеді
Өзбекстан құрамасы 30 маусымда Астанада басталатын бокстан әлем кубогінің кезеңіне қатысатынын растады. Бұл туралы sportarena.kz жазды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов өзбек боксшыларының Астанадағы турнирге келмейтінін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін әлеуметтік желіде түрлі күмәнді пікірлер пайда болды. Алайда бұл болжамдарға нүкте қойылды.
Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, ел құрамасы жарысқа қатысады, бірақ бір ескеретін тұсы бар: турнирге ерлер командасынан бірде-бір боксшы тіркелмеген. Астанада тек әйелдер құрамасы өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Астанадағы турнир — әлем кубогінің үшінші кезеңі болмақ. Алдыңғы екі кезеңде Өзбекстан құрамасы жалпы есепте жеңіске жеткен. Бірінші кезеңде Қазақстан құрамасы үшінші және төртінші нөмірлі боксшыларын қосып, екі алтын медаль жеңіп алды. Екінші кезеңде Варшаваға тек бір ғана қазақстандық боксшы барған болатын.