Сәрсекбаев бүгінде бокстағы көшбасшы Өзбекстан құрамасының артық-кем тұсын біледі
Танымал бокс бапкері Мұхит Амантаев «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында ұлттық құрамада Бақыт Сәрсекбаев секілді боксшылар еңбек етуі керек деп санайды.
Оның пікірінше, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы бапкерлік қызметте де біраз белесті бағындыратынына сенімді.
«Қазақ боксына Бақыт Сәрсекбаев секілді ағалар керек. Балалардың даярлығына, тәртібіне қарайтын мінезді, білікті, энергиясы тасып тұрған азаматтар қажет-ақ.
Алғаш рет ол кісімен 2006 жылы таныстым. Сол кезде-ақ ол кісі мінезді болатын. Бізде Олимпиададан кейін боксшылардың жұлдыз ауруына шалдығып, жеке бапкерлерін тыңдамай кететінін естіп жатамын. Тіпті ұлттық құрама бапкеріне бағынбайтындар да бар екен. Бақыт ағамыз ешкімге қарамайды. Сен Олимпиада чемпионысың ба, әлем чемпионасының ба, ол кісіге бәрібір. Шығарып жібереді де, есіңді жиған соң ораласың дейді. Болды. Ұлттық құрамаға Сәрсекбаев секілді бапкер керек дейтінім сондықтан», - дейді Аманатаев.
Ол Сәрсекбаев бүгінде бокстағы көшбасшы Өзбекстан құрамасының артық-кем тұсын біледі деп отыр.
«Бүгінде бокста нөмір бірінші құрама Өзбекстан болса, Бақыт ағамыз өзбек боксының артықшылығын да, кемшін тұсын да, тиісінше оларды жеңудің жолдарын да біледі. Өзі Олимпиада чемпионы, ол қалай жеңіске жету керектігін біледі, өзі бастан өткерген. Сондықтан оны балаларға да үйрете алады. Жас бала да қасында Олимпиада чемпионы нұсқау беріп тұрғанда, басқаша жұмыс істейді, ұмтылады, тырысады, шабыт алады.
Екі Олимпиаданы «нөлмен» өткіздік. Тағы қанша күтеміз? Бір-бірімізге аяқтан шалып, іштарлық жасайтын кез артта қалды. Қазір Сәрсекбаевты тарту керек, Бақыт аға жұмыс істеуі тиіс. Қайрат аға ¬- өте мықты бас бапкер. Бірақ Бақыт ағамыз - болашақта оның орнын баса алатын мамандардың бірі. Олимпиадаға үш жыл қалды. Қазірдің өзінде Бақыт ағаны құрамаға қосу қажет. Бас бапкер болмаса да, кем дегенде Қайрат ағаның көмекшісі ретінде», - деді Мұхит Амантаев.
Айта кетейік, бүгінде Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның 22 жасқа дейінгі бокс құрамасының бас бапкері қызметін атқарады. Жақында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында оның шәкірттері 22 алтын медаль жеңіп алды.