
Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) жақын уақытта рингке оралатынын айтты
Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) жақын уақытта рингке оралатынын хабарлады.
19 шілде күні Елеусінов АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Вашингтон қаласында өткен бокс кешінде филиппиндік Джеймс Бэконды (26-6, 17 KO) екінші раундта нокаутқа түсірді. Алайда бұл кездесуден кейін көптеген жанкүйер «Жеңілмеген Олимпиада чемпионы осындай төмен деңгейдегі кешке қатысуға неге келісті?» деген сұрақ қойып жатты. Себебі бокс кешін танымал емес промоутер ұйымдастырса, ал жекпе-жектің өзі ангарға ұқсас жерде өткен. Одан қалды айқас камераға да түсірілмеген.
Бұл сындарға жауап ретінде «Қазақ найзағайы» лақап атымен танымал боксшы өзінің Instagram парақшасында мәлімдеме жасады:
«Жақында қайта рингке шығамын. Мұндай жекпе-жектер үлкен кездесулерге дайындалу үшін қажет. Соңғы уақытта сирек жұдырықтасып жүрмін… Сондықтан осындай тәжірибе мен үшін маңызды болды. Ал айтулы қарсыласқа қарсы шыққан кезде таңғалмаңыздар», – деп жазды Елеусінов.