
Негізі бір-бірімізді өте қатты сыйлаймыз
Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова әріптесі Назым Қызайбаймен Олимпиада жолдама үшін кезекті спарринг өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы боксшы YouTube-тағы "Sport+" арнасына берген сұхбатында айтты.
«Назым қазір 48 келі салмақта өнер көрсетеді. Екеуіміз бір бапкерде жаттығамыз. Егер ол олимпиадалық салмақ 50 келіге көтерілемін десе, онда екеуіміз бәсекелес боламыз. Екеуіміздің де мақсатымыз бір, жасымыз да келіп қалды. Бапкеріміз үнемі айтады: «Әркімнің мақсаты бөлек. Егер Олимпиадаға барамын десеңдер, жолдарыңды бөгемеймін». Екеуіміз барамыз деп шешсек, бәрін спарринг шешеді. Кейде жаттығуда жақсылап тұрып төбелесіп аламыз, бірақ толықтай емес. Негізі бір-бірімізді өте қатты сыйлаймыз», – дейді боксшы.
Айта кетейк, қос боксшы бұған дейін 50 келі салмақта Париж Олимпиадасының алдында линцезиялық турнирге бару үшін спарринг өткізген. Бұл тартыста Назым Қызайбай басым түсті. Ал Париждегі Олимпиада ойындарында Назым Қызайбай қола жүлде еншілеген.