
Абель Санчес Головкиннің ерекшелігін атап, оны Кроуфордпен салыстырды
Геннадий Головкинмен көп жыл жұмыс істеген танымал бапкер Абель Санчес Теренс Кроуфордтың алдағы жекпе-жегіне пікір білдірді. Оның айтуынша, Кроуфорд екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион Сауль «Канело» Альвареспен кездескенде GGG-нің стилін қайталай алмайды.
«Канело» мен Кроуфорд арасындағы жекпе-жек 13 қыркүйекте өтеді. Алайда Санчес Кроуфорд Головкин секілді Альвареске айтарлықтай қиындық туғыза алмайды деп санайды.
«Кроуфорд ешқашан Головкин жасағанды қайталай алмайды. Геннадий – мүлде басқа деңгейдегі боксшы. Ол орта салмақта өте қуатты, үстемдік құрған, соққысы жойқын спортшы болды. Кроуфордта мұндай қасиеттер жоқ. Оның техникасы жақсы, бірақ «Канелоға» жақындауға мүмкіндік бермейтіндей соққы қуаты жоқ. Головкинде дәл осындай соққы мен физикалық қуат болды, ол «Канелоға» өз ойынын жүргізуге мүмкіндік бермеді. Ал Кроуфордта мұндай артықшылық жоқ, мейлі орта салмақта болсын, мейлі екінші ортада болсын. Оның ағзасы әлі ірі салмақтағы қарсыластармен, әсіресе «Канело» сияқты мықтылармен тайталасуға бейімделмеген. Сондықтан бұл тұрғыда Головкинді Кроуфордпен салыстыруға келмейді, — деді Санчес Seconds Out басылымына берген сұхбатында.
Аты аңызға айналған қазақстандық боксшы Геннадий «GGG» Головкиннің (42-2-1, 37 KO) мансабындағы соңғы жекпе-жегінде кіммен жұдырықтасуы мүмкін екені анықталды.
Жақында 2004 жылғы Олимпиада чемпионы, бұрынғы WBA, WBC және The Ring белбеулерінің иесі, америкалық Андре Уорд (32-0, 16 KO) рингке қайта оралатынын мәлімдеді. Осы жаңалықтан соң әйгілі Sports Illustrated журналы оған үш ықтимал қарсылас ұсынды, солардың алғашқысы – Қарағанды облысының тумасы Геннадий Головкин.
Айта кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшылар Данияр Елеусінов (12-0, 7 KO) пен Иван Дычко (14-0, 13 KO) Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы үлкен бокс кешінде өнер көрсетеді.