
Жоғары деңгейде еңбекақы алады.
Бокстан Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы Болат Жұмаділов енді шәкірттерін жертөледе емес, заманауи спорт кешенінде жаттықтыратын болды.
Елімізге танымал кәсіпкер, спорт жанашыры Махат Төрәлі даңқты спортшыға қолдау көрсетіп, тұрақты жұмыс тауып берді. «Спорт министрі» telegram-арнасының мәліметінше, Болат Жұмаділов енді елордадағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде бапкер қызметін атқарады.
Мұнда ол 800 шаршы метр аумақта орналасқан жаңа бокс залында болашақ чемпиондарды даярлап, жоғары деңгейде еңбекақы алады.
Айта кетейік, жуырда ғана Жұмаділов шәкірттерін өзі тұратын үйдің жертөлесінде жаттықтырып жүргенін мәлімдеген еді. Ол техникалық бөлікті шағын бокс залына айналдырып, жастарды да, ересектерді де бокстың әліппесіне баулып келген. Алайда залдың да, ондағы құрал-жабдықтың да тоз-тозы шыққан.
«Бұл жер бізге тиесілі емес, сондықтан кез келген уақытта босат деп айтуы мүмкін. Сол себепті жөндеу жұмыстарына қаржы құймай отырмыз», – деген еді Жұмаділов.
Енді бұл мәселе оң шешімін тауып, қазақ спортының абыройын асқақтатқан боксшы лайықты еңбек жағдайына қол жеткізді.