
Усик пен оның серіктері бар құрама Қарағанды облысынан ұтылды.
Әлемдік деңгейдегі супержұлдыз, Украина боксының аңызы Александр Усик бір кездері Қостанай облысының құрамасы атынан бақ сынаған.
Естеріңізде болса, 2010 жылы Усик Қазақстан бокс федерациясы ұйымдастырған алғашқы Кубокта шаршы алаңға шыққан. Бірақ сол кездің өзінде 23 жастағы Усиктің жетістігі бір басына жетіп артылатын: 2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және Еуропа чемпионы.
ҚБФ-ның алғашқы кубогында аймақтарға легионерлерді тартуға рұқсат етілді, себебі кейбір облыстарда ауыр салмақта боксшылар жетіспейтін. Қостанай облысының сапында Усик (91 кг), ӘЧ-2009 финалисі Роман Капитоненко (+91 кг) және 2008 жылғы Еуропа чемпионы Иван Сенай (75 кг) өнер көрсетті.
Қостанай облысының құрамында да ауыр салмақта ел намысын қорғап жүргендер бар еді. Алайда Жан Кособуцкий 91 келіден жоғары салмаққа ауысқан соң Кубокқа қатысудан бас тартса, Иван Дычко ұлттық құрама сапында жүргендіктен алғашқы айналыммен шектелді.
Қостанай құрамасы Солтүстік Қазақстанды украиналық легионерлерсіз-ақ жеңген, дегенмен Усик пен оның серіктері бар құрама Қарағанды облысынан ұтылды. Бірақ Усик Алексей Севостьяновты бірінші раундта-ақ техникалық нокаутқа жіберіп, жеке кездесуінде жеңіске жетті. Усик жекелей есепте жеңгенімен, командасы 4:6 есебімен ұтылды.
Қарағанды құрамасының сол кездегі бас бапкері, Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы әрі 2020 жылғы Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасының бас бапкері болған Ғалым Кенжебаев сол жекпе-жекті былай деп еске алды:
«Усик ол кезде әлем чемпионатының жүлдегері болатын. Біз орамал тастауға мәжбүр болдық. Деңгей жағынан айырмашылық тым үлкен еді, ал Севостьянов әлі жас спортшы болатын».
Қостанай құрамасын сол кезде белгілі кәсіпқой боксшы Марат Мәзімбаев басқарды. Ол Усикті ұжым сапына қалай қосқаны туралы Vesti.kz-ке берген сұхбатында айтып берген:
«Украиналықтармен жақсы қарым-қатынаста болдық, қаржылық тұрғыда қолжетімді еді. Келісімге келдік. Сол жылы құрамамыз өте мықты болды – Антон Пинчук, Мейіржан Рахымжанов, Самат Бәшенов. Украинадан келген жігіттер жақсы сіңісіп кетті. Усик футбол мен баскетболды да керемет ойнайды. Мінезі ашық, қарапайым жігіт. Әңгімелесу өте қызықты болатын. Ешқандай жұлдыз ауруы байқалған жоқ».
Ал Sportarena.kz-ке берген сұхбатында Мәзімбаев Усиктің сол кездегі сыйқасын да ашып айтты:
«Қазір ол он таңбалы сомалар алады, ал біз ол кезде екі мың доллар төлегенбіз».
Нәтижесінде ҚБФ Кубогын Астана ұтып алды. Араға бір жыл салып Усик әлем чемпионы атанса, екі жылдан соң Лондон-2012 Олимпиадасының жеңімпазы болды. 2013 жылы әуесқой бокстағы соңғы жекпе-жегін Астанада - WSB кубогының финалында өткізді.
Соңғы жылдары Усиктің лагерінде қазақстандық спарринг-серіктес Нұрсұлтан Аманжолов (6-1, 5 КО) жаттығып жүр. Усик Нұрсұлтан арқылы Қазақстанға арнайы сәлем де жолдаған:
«Қазақстан, алға! Мен бір кездері қазақ клубының намысын қорғағанмын, легионер ретінде шақырған. Қостанай! Ол жақта бірнеше рет жұдырықтастым. Өте мықты бокс мектебі бар, жанкүйерлері де, адамдары да керемет».
Аманжоловтың айтуынша, Усик қазақ тіліне де қызығушылық танытқан.
«Ол рингте үнемі қимылдап жүреді, аяқпен жұмыс істеуі керемет, техникасы жоғары, қорғанысы мықты, соққы дарыту оңай емес. Қазір біз жақсы араласамыз. Александр мені «бауырым» деп атайды, еңбегімді бағалап, жиі алғыс айтады».
Усик бірде Геннадий Головкиннің жекпе-жегіне барып, жанкүйерлердің «Алға, Қазақстан!» деп ұрандатқанын естіпті. Сосын қасындағылардан «Алға» деген сөздің мағынасын сұраған. Оған «вперед, давай» деп аударып берген соң, ол да достарымен бірге қазақ жанкүйерлерімен қосылып: «Алға, Қазақстан!» деп айқайлағанын еске алады.