
UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясының өкілдері бірігіп промоутерлік жасамақ.
Қазақстандық боксшы Иван Дычко UFC ресми сайтында сұхбат берді.
Ол 14 қыркүйек күні таңертең Лас-Вегаста өтетін Сауль «Канело» Альварес пен Теренс Кроуфорд арасындағы бокс кешінің андеркартында өнер көрсетеді. Бұл ірі шоуға UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясының өкілдері бірігіп промоутерлік жасамақ.
15 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен (14 нокаут) Дычко америкалық Джермейн Франклинмен (23-2, 15 КО) 10 раундтық айқас өткізеді. Бәсеке 65 мың жанкүйерге арналған Allegiant Stadium аренасында өтеді.
«Маған жанкүйер толы үлкен ареналарда өнер көрсеткен ұнайды. Бірақ ең бастысы - рингке шығып, өз деңгейімді көрсету. Сондықтан бұл мен үшін жай ғана кезекті жекпе-жек», – деді Дычко.
Сонымен қатар ол бабында екенін айтты.
«Қазір бабымдамын. Физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да бәрі жақсы. Бұл - нағыз шарықтау шегім деп ойлаймын», – деп қосты ол.
Айта кетейік, 35 жастағы қазақстандық боксшы үшін бұл – сегіз жылдық кәсіби мансабындағы алғашқы үлкен шоу. Ал қарсыласы Джермейн Франклин бұған дейін Лондонда Энтони Джошуа және Диллиан Уайтпен 12 раундтық басты жекпе-жектерде жұдырықтасқан.