Өзбекстан мен Куба басты фавориттер ғой.
Қайрат Сәтжанов бастаған бапкерлер штабының бокстан ұлттық құрама тізгінін алғанына бір жыл болды. 4 қыркүйекте Ливерпульде басталатын әлем чемпионатында осы уақыт аралығында атқарылған жұмыс нәтижесі көрінеді. Осы орайда 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновтен Британияда өтетін біріншілікке қатысты болжамын және жігіттердің әлеуетіне бағасын сұрадық.
«Бәрі жігіттердің өз қолында. Ең бастысы, артында елі тұрғанын ұмыпауы керек. Қайрат Сәтжанов бастаған бапкерлер штабы бір жылдай жұмыс істеді. Бірақ бұл жерде жігіттердің бұған дейін де тәжірибесі бар екенін ұмытпау керек, олардың жеке бапкерлері де жұмыс істеді. Бұған Геннадий Головкиннің өзін жаттықтырған ағайынды Камачоларды қосыңыз. Олар физикаға көбірек мән береді деп айтылды. Бір жылдың ішінде жігіттер әртүрлі техникамен жаттығу жасады. Әдетте адамның бұлшықеті әлсіз болса, ол тез шаршайды. Мамандар боксшыларымыздың әлсіз тұстарын анықтап, нақты солармен жұмыс істеді деп ойлаймын», - дейді ардагер боксшы.
Танымал боксшыдан құрамалар арасындағы бәсекелестік жайлы да ойын сұрадық.
«Қазақстан, Өзбекстан мен Куба басты фавориттер ғой. Өз басым отандық он боксшының бесеуі жүлдеге ілігеді деп ойлаймын. Алтын медаль де болады. Бірақ ешкімді бөліп-жарып атағым келмейді. Жігіттердің қай-қайсысына да үміт артып, сәттілік серік болсын дейміз», - деді Жаңабергенов.