
Сұлтан Зауырбек жапониялық Хаято Цуцумимен кездесуі мүмкін
TRU SCHOOL SPORTS YouTube арнасының жүргізушісі Брендан Тейлор қазақстандық жеңілмеген боксшы Сұлтан Зауырбекке (20-0, 13 KO) лайықты қарсылас тапты.
Тейлордың пікірінше, «Қазақ королі» мен жапониялық Хаято Цуцуми (8-0, 5 KO) арасындағы жекпе-жек тартысты болуы мүмкін.
«Хаято Цуцуми Каис Ашфакті жеңді. Ол WBA рейтингінде үшінші орында тұр. Мен оны Реймонд Фордпен немесе Сұлтан Зауырбекпен рингте көргім келеді. Цуцуми – екінші жартылай жеңіл салмақтағы әлемдегі үздік боксшылардың бірі», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, осы жазда Халықаралық бокс федерациясы (IBF) Сұлтан Зауырбек пен аустралиялық Лиам Уилсон (16-3, 8 KO) арасында іріктеу жекпе-жегін өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл кездесудің жеңімпазы қазіргі чемпион, мексикалық Эдуардо Нуньеске (28-1, 27 KO) міндетті қарсылас атанады.