Оқырманның махаббаты. Моншадағы кездесу. Қызқұмар футболистер – ЖБ оқиға

Головкинмен бірге құрамада болған боксшы «Тоқаевпен жұмыс істе» дегені үшін түсініктеме жазды

02.09.2025, 13:07

Қиылған контекст екенін атап өтті

Головкинмен бірге құрамада болған боксшы «Тоқаевпен жұмыс істе» дегені үшін түсініктеме жазды
Фото: t.me/Aktobe_region

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қоғамда қызу талқыланған «Ақорданы белгілеу» сөзіне қатысты пікірін түсіндірді. Ол қателік жібергенін мойындап, бұл жағдайды жеке қарым-қатынасымен байланыстырып отыр.

Әкім әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қоғам белсендісі Ерәділ Үббіниязовпен әңгімесін растады:

«Мемлекеттік қызметші болғандықтан, әдеп жағынан қателік кетті. Біз Ерәділ Үббіниязов екеуміз бұрыннан таныспыз. Жас кезімізде бокспен айналысып, сол кезден араласамыз. Сондықтан әңгіме тұрмыстық сипатта өрбіді», - деді ол.

Азамат Бекет өзінің ешкімді қорқытпағанын, ал әлеуметтік желіде тарап кеткен видео толық нұсқа емес, қиылған контекст екенін атап өтті.

«Әрине, түсініктеме бердім. Мен мемлекеттік қызметтемін, әкім қызметін атқарғаннан кейін түрлі сын айтылып жатады. Егер барлық сөз үшін сотқа жүгінетін болсам, жұмысқа уақыт қалмайды», - деді қала әкімі.

Ал бұған дейін «Байтақ» жасылдар партиясының Ақтөбедегі филиалының төрағасы Ерәділ Үббіниязов президенттен өңірге тексеру жіберуді сұраған болатын. Оның айтуынша, қаладағы сапасыз жол жұмыстарына наразылық білдіргеннен кейін әкім тарапынан ыңғайсыз жағдайға тап болған.

«Ақтөбеде жол мәселесі өзекті. Жаңбыр жауып жатқан күні судың үстіне асфальт төсеп жатты. Жұмысшыларға тоқтатуды сұрадым, бейнежазбаға түсірдім. Көлігіме жетпей жатып, әкім хабарласты. «Тоқаевпен жұмыс істе» деген әңгіме айтты. Егер сенімді өкіл ретінде тағайындалған әкім осылай сөйлесе, басқадан не сұраймыз?» - деді Үббіниязов.

Оң жағынан жоғарыда екінші тұрған Азамат Бекет

Азамат Бекет шынымен де бұрын ұлттық құраманың боксшысы болған, тіпті Геннадий Головкиндермен бірге жаттығу жасаған. Сонымен қатар Атырау облыстық спорт басқармасын басқарды. Ал 2023 жылғы 26 маусымнан бері Ақтөбе қаласының әкімі қызметін атқарып келеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам