Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегі 6 желтоқсанда АҚШ-та өтеді
Белгілі америкалық жаттықтырушы Андре Розье қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының шеберлігін жоғары бағалап, оның рингтегі басты мәселесін атап өтті.
«Жәнібек – мықты боксшы, шын мәнінде өте берік жігіт. Маған оның стилі ұнайды: ол үлкен, күшті, әрі дәл соққы жасайды. Алайда ол тым сирек жұдырықтасады. Егер жиірек рингке шықса, оның есімі әлдеқайда жиі аталар еді. Менің ойымша, ол келешекте екінші орта салмаққа да көтеріле алады», — деді Андре Розье YSM Sports Media-ға берген сұхбатында.
Жәнібек Әлімханұлының келесі жекпе-жегі 6 желтоқсанда АҚШ-тағы Сан-Антонио қаласында өтеді. Бұл кездесуде қазақстандық боксшы WBA тұжырымының чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен титулдарды біріктіру жекпе-жегінде күш сынасады.
Айта кетейік, «Қазақ стилі» лақап атымен танымал Әлімханұлы соңғы кездесуін биыл сәуір айында Астанада өткізіп, француз Анауэль Нгамиссенгемен кездесуде бесінші раундта нокаутпен жеңіске жеткен болатын.