
Матч 18 қыркүйектен 19 қыркүйекке қараған түні Лиссабонда өтеді
Лиссабондық «Спортингтің» бас бапкері Руй Боржеш Чемпиондар лигасындағы алдағы ойын алдында «Қайрат» жайлы пікір білдіріп, шәкірттерін қарсыласты ешқашан төмен бағаламауға шақырды.
«Қарсыласымыз үшін бұл турнирдегі дебют болғанына қарамастан, олардың мұнда жетуі толығымен заңды. Іріктеу кезеңінде оларды топтық турнирге шығарған қарсыласқа біз де жолдастық кездесуде тап болғанбыз және оңайға соқпағанын жақсы білеміз. «Селтик» екі матчтың бірінде де оларға гол соға алмады, ал «Қайрат» аз уақытқа ғана допты иеленсе де көбірек мүмкіндіктер жасады. Қазір олар өз елінің чемпионатында көш бастап келеді, 33 ойын өткізіп үлгерді және қорғанысы сенімді. Мұның бәрі бізді ертең қиын сынақ күтіп тұрғанын көрсетеді. Сондықтан біздің ойыншылар қарсыластың атауына емес, нақты деңгейіне мән берулері қажет», - деді Боржеш матч алдындағы баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, «Спортинг» пен «Қайрат» арасындағы кездесу 18 қыркүйектен 19 қыркүйекке қараған түні Лиссабонда өтеді. Кездесуді негізінен Польшадан келген арбитрлер қадағалайды. Бас төреші қызметін Дамиан Сильвестжак атқарады. Оған Павел Сокольницки мен Адам Карасевич көмек көрсетпек. Бейнетөреші (VAR) – Томаш Квятковски, ал оның көмекшісі — Нидерландтан келген Пол ван Букел. Төртінші төреші ретінде Марцин Коханек белгіленді.