Астана Гранд Слэмде сенсация жасаған қазақ дзюдошысы басты қарсыласының деңгейіне баға берді

10.05.2025, 11:18

Ол финалға шығар жолда Қазақстанның өзге балуанынан жеңіліп қалған

Астана Гранд Слэмде сенсация жасаған қазақ дзюдошысы басты қарсыласының деңгейіне баға берді
Қазақстан дзюдо федерациясы

Астанада дзюдодан өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің бірінші күні ұлттық құрама қоржынына 2 күміс, 2 қола жүлде түсті. Әлі алтын медаль жеңе алмаса да, қазақ балуандары сенсация жасап үлгерді. Атап айтқанда, ересектер қатарына кеше ғана қосылған Аман Бақытжан Олимпиада ойындарының жүлдегері әрі Азия чемпионы тайпейлік Янг Юн Вэйді жеңіп, мамандардың оң бағасын алды.

Аман осы турнирдің қола жүлдегері атанып отыр. Финалға шығар жолда ол отандасы Талғат Орынбасардан жеңілген болатын. Жарыстан кейін Аманнан ересектер арасындағы алғашқы жарысында қандай қиындықтар болғанын сұрадық.

«Финалға шығар сәтте босаңсып қалдым. Әйтпесе физикалық және психологиялық тұрғыдан бабымда болдым. Күшім де толысып тұрды. Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді дейді ғой, бұйырғаны осы қола жүлде болып тұр.

Дегенмен, ең қиын белдесу тайпейлік Янг Юн Вэймен болды. Ол – Олимпиада ойындарының жүлдегері. Деңгейі өте жоғары екені көрініп тұр. Бірақ, қателігін пайдаланып, мен өз дегенімді істедім», - дейді жас дзюдошы.

Аман Бақытжанның биылғы Әлем чемпионатына қатысу-қатыспауы белгісіз. Оны бапкерлер құрамы шешеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам