
Болашағынан үміт күттіретін спортшы 1bol.kz тілшісіне сұхбат берді
Былтыр дәл осы уақытта Айым Мейіржанова өмір үшін күресіп жатқан. Жүрегіне бес сағат бойы операция жасалған жасөспірім қыз араға бір жыл салып Азия чемпионатында қос бірдей медаль алады десе, сол кездегі дәрігерлердің өзі сенбеуші еді. Бірақ өзі нәзік болса да, мінезі қайсар Айым шынымен де таңғаларлық көрсеткішке қол жеткізді. Сөйтіп Сингапурде көркем гимнастикадан өткен Азия біріншілігінде күміс және қола медальмен оралды.
Аруымызды айтулы жетістігімен арнайы хабарласып құттықтадық.
– Азия чемпионаты маған өте ұнады. Бұл менің алғашқы Азия чемпионатым болды, әрі ол оңайға соққан жоқ. Өйткені мен төрт бағдарламада өнер көрсеттім. Соған қарамастан, барлығын жақсы орындадым. Өзіме де, көрсеткен өнеріме де көңілім толды.
– Қандай да бір қателіктер болды ма?
– Иә, ұршықпен орындаған бағдарламамда бір қателік кетті. Бірінші күннен кейін бағдарламаға аздап өзгеріс енгіздік, сол себепті аздап шатасып қалдым. Бірақ келесі күні жинақталып, барлығын жақсы істедім.
– Жеңісіңнен кейін бапкерің не деді?
– Бапкерім Нечитайло Оксана Ивановна мені қатты қолдайды. Онымен төрт жасымнан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Туысымызды қолдау үшін жарысқа барғанда, Оксана Ивановна мені байқап қалып, анамнан «шәкіртім болсын» деп сұрап алыпты. Содан бері біргеміз. Бұл жолы да жанымнан табылып, жарыс бойы жігерлендіріп отырды. Төрт бағдарламаға қатысу оңай емес, сөйте тұра ол кісі қолдауын аяған жоқ. Жарыстан кейін «жарайсың, бәрін жақсы істедің» деп риза болды. Тіпті, қуаныштан жылап алды. Өйткені былтыр карьерамды аяқтау қаупі төніп тұр еді. Соған қарамастан Азия біріншілігінде тәп-тәуір өнер көрсеттік.
– Былтыр мамыр айында жүрегіңе ота жасалғанын естідік. Не себеп болды, осы туралы айтып берші?
– Иә, 2024 жылдың қаңтарында жоспарлы медициналық тексеруден өттім. Сол кезде дәрігерлер жүрек қағысында ауытқулар бар екенін анықтады. Кейінірек нақты диагноз қойылып, арнайы ем қабылдай бастадым. Жарыстар арасында дәрі ішіп жүрдім. Ақырында дәрігерлер ота жасау қажет деп шешті. Сондай-ақ, одан әрі спортпен кәсіби түрде айналыспауға кеңес берді.
Бірақ, операциядан кейін қалпыма келіп, бірнеше жарысқа қатыстым. Биылғы сәуір айында Ташкентте өткен Әлем кубогында бесінші орын алдым.
– Спорттан кету, карьераны аяқтау туралы әңгіме айтылды деп жатырсың ғой, мұны қалай қабылдадың?
– Көркем гимнастика – өмірімнің мәні. Ол маған ерекше күш, қуаныш сыйлайды. Мен жай ғана өмір сүргім келмейді, мен спортшы ретінде өмір сүргім келеді. Сондықтан карьерама қатысты болжамдар айтылғанда, жылап алатынмын. Бірақ бәрі жақсы болатынына іштей сендім.
– Азия біріншілігінен табысты оралған қыздарға федерация тарапынан сый-сияпат беріле ме?
– Қаржылай сыйақы беріледі деген, сол үшін қажетті құжаттардың барлығын тапсырып, күтіп отырмыз.
– Спортта, әсіресе көркем гимнастикада ереже қатаң, тыйым көп. Қатарластарың секілді қалағаныңды жей алмайсың. Осындай сынақтармен қалай күресесің?
– Бапкерім фастфудтың зияны туралы бала күнімнен құлағыма құйып тастаған шығар, ондай тағамдарды мүлде жей алмаймын. Тіпті майонез жеген емеспін. Газдалған сусын да ішпеймін. Оның салдары туралы көп естідім. Сондықтан да саналы түрде қабылданған шешім шығар.
– Биыл мектеп бітіреді екенсің. ҰБТ-ға дайындық қалай болып жатыр, мамандық таңдадың ба?
– Спортпен қатар сабақты да жақсы көремін, оқу үлгерімім жақсы. Тест нәтижелері де көңілімнен шығады, алдағы уақытта тағы тапсырамын. Бұйыртса, бапкер боламын дегенмен мақсатпен Қазақ спорт және туризм академиясына оқуға түсемін деп шештім.
– Биыл құрамада біраз өзгеріс болды. Бапкерлер ауысты, көшбасшы саналған Эльжана Таниева кетті. Отандық көркем гимнастиканың дамуы туралы не айтасың?
– Әлия Мақсұтқызының көп еңбегі сіңді, аңыз адам. Ол кісіні бапкер ретінде де, адам ретінде де ерекше сыйлаймын, үлгі тұтамын. Оның басшылығымен гимнастикада елеулі жетістіктерге жетіп жатырмыз. Құрамадағы қыздарға жаны ашып, бар білгенін үйретуге тырысады. Қазіргі бас бапкер Лола Әділбекова да көптеген чемпионды дайындаған маман. Құрамаға сәуір айында ғана тағайындалды, соған қарамастан Азия біріншілігінде бәрімізге ерекше қолдау көрсетті.
Әзірге құрамада нөмір бірінші спортшы анықталған жоқ, бірақ бірнеше талантты қыз бар. Барлығымыз бірге дайындалып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаймыз.
Қазақстанда гимнастика деңгейі өсіп келеді. Бұйыртса, 2028 жылғы Олимпиадада тарихта тұңғыш рет еліміздің атынан бір емес, екі спортшы бақ сынайды деп ойлаймын. Екі лицензия алу үшін еңбектенеміз. Кез келген спортшы секілді менің де басты арманым – Олимпиада ойындары. Сол мақсатыма қол жеткізу үшін барымды саламын.
– Алдағы жарыстар туралы айта кетсең.
– Алдымен Астанада өтетін Қазақстан чемпионатына қатысамын. Сонан соң аздап демалыс алып, Әлем кубогында бақ сынаймын. Ал тамызда әлем біріншілігі өтеді. Бұл менің ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатым, сондықтан үздік 15 спортшының қатарына ену деген жоспар құрып отырмыз.
«Қызыңыздың жүрегі кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін»
Айым Мейіржанованың өзінен бөлек, оның басты жанкүйері анасымен де тілдестік. Саида Бөкенбаеваның айтуынша, қызының жүрегіндегі ақау дәстүрлі тексеріс кезінде анықталған.
Ұлттық құрама спортшылары жылына екі рет Алматыда медициналық тексеруден өтеді. 2024 жылдың қаңтарында өткен тексеріс кезінде Айымның жүрек қағысының тым жиілеп кеткені анықталған. Оған қосымша тексерістер тағайындалып, тіпті жарыстарға қатыстырмау туралы әңгіме айтыла бастайды. Айымның анасының сөзінше, бұл жайт қызына ауыр соққы болған. Сөйте тұра ол жарыстарға қатысамын деп нақты шешім қабылдапты.
«Соңғы бір жылда жиі шаршап қалатынын байқадық. Бірақ сабағы бар, екі мезгіл жаттығуы тағы бар. Оның үстіне темір тапшылығына байланысты дәрумендер ішіп жүретін. Сол себепті шаршауы қалыпты жағдай сияқты көрінді. Кейде жүрегін жай ЭКГ-ге түсіріп жүрдік, бірақ ол зерттеулерден ешқандай ауытқу байқалмады. Нағыз проблема 2024 жылдың қаңтар айында ғана анықталды. Сол кезде холтер мониторингін жасаған, сонда жүрек соғысында қатты ауытқулар бар екені белгілі болды. Бұл жаңалықты естігенде, жанымды қоярға жер таппай кеттім. Айым – тұңғышым, алғашқы қуанышым», - дейді ана.
Жас қыздың денсаулығына қатысты дәрігерлер болжамы қорқынышты еді. Оның жүрегі кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін екені айтылған. Айымды бұл сөздер де тоқтата алған жоқ. Қызының дегеніне көніп, тіпті қандай да бір жағдай бола қалса, жауапкершілікті толық өз мойнына алатыны туралы қолхат та жазып берген.
«Дәрігерлер жүрекке қатысты мәселенің нақты диагнозын қою үшін қосымша тексерулер жүргізу қажет екенін айтты. Айымды Астанадағы Кардиохирургия орталығына жіберді. Себебі дәл сол мекеменің мамандары ғана толық әрі нақты қорытынды бере алатын еді. Қызым «жағдайым жаман емес, жарыстарға қатысуды тоқтатпаймын» деп тұрып алды. Сол аралықта Грекия мен Болгариядағы халықаралық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетті. Операцияға дейінгі соңғы жарысы 2024 жылдың сәуір айының аяғында Түркияда өтті. Дәл сол жарыс алдында дәрігерлер қосымша тексеру жүргізді. Бірақ тексерудің қорытындысы шыққанша, Айым Түркияға аттанып кетті. Алайда, жарыс басталар алдында дәрігерлерден қорқынышты хабар келді – жүрегінің жағдайы өте нашар және кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп анықталған. Дәрігерлер мұны құраманың мамандарына айтқан.
Айым екеуміз сөйлестік, «қызым, денсаулығыңнан артық ештеңе жоқ, елге қайтшы» деп көндірумен әлекпін. Ал ол болса «Мама, мен бұл жерге медаль алу үшін келдім. Медаль алмай бұл жерден кетпеймін. Сіздер маған қолдау көрсетіп жатырсыздар. Сенімдеріңізге рахмет, маған сеніңіз, бәрі жақсы болады. Сізден өтініш – өміріме өзіңіз жауапты екеніңіз туралы қолхат жазып беріңізші, мен қалай да жарысқа қатысамын», – деп тұрып алды. Осылайша, ешкімнің тоқтатуына көнбей, жарысты жалғастырды», - деді спортшы қыздың анасы.
Нәтижесінде Түркияда ол бес медаль жеңіп алды: бір алтын, екі күміс және бір қола. Елге қуанышты хабармен оралған Айым мамырдың сегізі күні бірден ауруханаға жатқызылған. Қосымша тексерулер мен операцияға дайындық жұмыстары басталып, мамырдың онында жүрегіне операция жасалды. Ал ота жоспардағыдай бір емес, бес сағатқа созылған.
«Операция жасаған дәрігер бастапқыда бәрі жеңіл өтеді деп ойлаған екен. Алайда жүректегі «ошақ» – ырғақ бұзылуын тудыратын нүкте – қозғалатын болып шыққан. Тіпті ол жүрек қақпақшасының астына тығылып қалған. Ал бұл өте қауіпті, себебі сол маңда артериялық және веноздық тамырлар көп. Қателік жіберілсе, салдары ауыр болуы мүмкін. Сол үшін операция жоспарланғандай бір емес, бес сағатқа созылды. Абырой болғанда, операция сәтті өтті», - деп еске алады спортшы қыздың анасы.
Осыдан соң спортпен қоштасу туралы мәселе тағы көтерілген. Айым – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасында Азия чемпионы. Бір қарағанға, 16 жасар қыз үшін ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш. Алайда спортшының өзі бұл жетістіктерге қанағаттанған емес.
«Жаз бойы үйде өзі жаттығу жасады. Әйтпесе дәрігерлер де, бапкерлер де тыйым салған. Операциядан кейінгі бақылау тексерулері тамыз айында өтті. Сол кезде Айымның нәтижелері өте жақсы болып шықты. Медициналық тексерулер барысында жүрек соғысы қалпына келгені байқалды, көрсеткіштері де қалыпты деңгейге жетті. Дәрігерлер жүрек ырғағының тұрақталғанын растады.
Операциядан кейін де біз уайымдадық. Бірақ дәрігерлер де, өзі де денсаулығын бақылауда ұстап отырды. Үнемі тексерістен өтіп, аппаратқа түсіп жүрді. Жақсы мамандар қарады. Соның арқасында, шүкір, қызымыздың денсаулығы жақсы», - дейді Саида Бөкенбаева.