Мұхит пен Ануарбек студияда төбелесті! Жаңа шығарылым!

Ризабек Айтмұқанның ел кубогіне қатыспауы қателік. Төрешілерге «нөл» деген баға беремін – Ақжүрек Таңатаров

28.05.2025, 09:58

Даңқты балуан Астанада өтіп жатқан Қазақстан кубогінде кемшіліктің көп болғанын айтып отыр

Ризабек Айтмұқанның ел кубогіне қатыспауы қателік. Төрешілерге «нөл» деген баға беремін – Ақжүрек Таңатаров
Қазақстан күрес федерациясы

Астанада күрес түрлерінен Қазақстан кубогі өтіп жатыр. Бұл жарысқа еліміздің барлық өңірінен кіл мықтылар жиналған. Десе де, еркін күрестен әлем чемпиондары Нұрқожа Қайпанов пен Ризабек Айтмұқан жоқ. Бапкерлер олармен бірге тағы бірнеше балуанды жарыстан босатыпты.

Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты балуан – бүгінде Жамбыл облысында бапкерлік қызметпен айналысып жүрген Ақжүрек Таңатаров ұлттық құрама бапкерлерінің бұл әрекетін сынға алды. Ол сондай-ақ, Кубокте төрешілік етіп жатқан мамандардың да жұмысына көңілі толмайтынын ашық жеткізді.

– Жарысқа Нұрқожа Қайпанов пен Ризабек Айтмұқан қатысып жатқан жоқ. Бәсекелестік төмендеп кеткен жоқ па?

– Бұл шешім дұрыс болған жоқ. Ұлттық құраманың бапкерлері алда халықаралық үш турнир болатынын айтып, әлем чемпионатына құраманы тек содан кейін ғана жасақтайтынын айтып отыр. Әлем чемпионатына небәрі үш-ақ ай қалды, сен осы Кубокте чемпион болған балуандарды іріктеп алып, үш ай бойы дайындалуың керексің. Ал, бұлар оның орнына ел аралап, жігіттерді жарыстарға қатыстырып көрмекші. Ертең бұл түрімізбен Әлем чемпионатында медальсыз қалуымыз әбден мүмкін.

Ал, Олимпиада ойындарына үш жыл уақыт бар. Оған да қазірден дайындалған дұрыс. Әлем чемпионатында, Азия чемпонаты мен ойындарында кім жүлде алады – сол барады деп күтіп жүрудің қажеті жоқ. Олимпиадаға арнайы дайындық керек.

– Қазақстан кубогі басталғалы басы-қасында жүрсіз. Төрешілердің жұмысы көңілден шығып жатыр ма? Өзіңіздің шәкірттеріңіз бұл додаға әкелдіңіз бе?

– Жамбылдан 57 келіде Әділет Әлмұхамедов деген баламыз чемпион болды. Сонымен қатар, грек-рим күресінен 5 балуан финалға шықты. Бірақ бір балуанымыздың шешуші белдесуінде төрешілер қарсыласына негізсіз ұпай берді. Осылайша бір балуанымыздың алтын жүлдесінен айырды.

Менің ойымша Тараздан 5 балуан финалға шыққан соң, көреалмаушылық болып, осындай әділетсіздікке барды деп. Басқа облыстар медаль ала алмай, жұмыс істемей жатқанына біз кінәлі емеспіз. Сол себепті төрешілердің жұмысына «нөл» деген баға беремін.

Жамбыл облысының намысын қорғап жатқан спортшыларымыз еңбегімізді ақтады. Бұл тек менің емес, басқа да бапкерлердің еңбегінің жемісі. Барлығымыз бірлікте отбасы болып жұмыс істеп жатқандықтан, нәтиже болып жатыр. Жамбыл облысы соңғы 3 жыл қатарынан командалық есепте 1-орын алып келеміз. Біздің бұл нәтижемізді көре алмай ұтып тұрған балуандарымыздың аяғынан шалып отыр.

Жарыстың алғашқы күнінде де барлық Жамбылдың балуандары бір-бірімен белдесті. Барлығы бір топқа түсіп қалғаны да федерация тарапынан кеткен қателік. 

Бұл жерде федерация төрешілерге де шара қолдану керек деп ойлаймын. Тек спортшылар мен бапкерлерге ескерту жасай бермей, қажет болса төрешілерге айыппұл салып немесе дисквалификация жіберу керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам