Мұхит пен Ануарбек студияда төбелесті! Жаңа шығарылым!

Демеу Жадыраев мансабын аяқтады ма? Балуанның бапкері жауап берді

30.05.2025, 01:50

Олимпиада ойындарының жүлдегері қазір 35 жаста

Демеу Жадыраев мансабын аяқтады ма? Балуанның бапкері жауап берді
olympic.kz

Біраздан бері ел назарынан тыс қалған даңқты балуан Демеу Жадраевты жанкүйерлері Астанада күрес түрлерінен өткен Қазақстан кубогінде көрді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері бұл жарыста Алматбек Аманбекке (72 кг) секундант болды.

Осыдан кейін қоғамда Жадраевтың күрестен қол үзіп, бапкерлікпен айналыса бастағаны айтылған еді. Өйткені, Парижден кейін даңқты балуан ешқандай жарысқа қатысқан жоқ. «Бірінші бол» тілшісі болса Демеудің жеке бапкері Боранбек Қоңыратовпен сұхбаттасып, шәкіртінің жоспарын сұрап білді.

– Париж Олимпиадасының аяқталғанына жылға жақындап келеді. Демеу әлі бозкілемге оралған жоқ. Мансабын аяқтады ма, әлде демалып жатыр ма?

– Демеу Парижден кейін демалыс алған, көптеген кездесулерге, іс-шараларға қонақ болып барып, елдің арасында болды. Мектептерге, жоғары оқу орындарына барып, жастарға мотивация берді. Оның үстіне, отбасы бар, бала-шағасы бар, солардың жанында біраз демалуды жөн көрді. Яғни, осы уақыт аралығында ол жаттығудан қол үзіп қалды.

Соңғы екі айдан астам уақыттан бері Демеу залда, күнделікті жаттығуды тыңғылықты істеп жатыр.

– Қазақстан кубогінде секундант болып жүргенін көрдік. Көпшілік оны бапкерлікке бет бұрды деп жатыр. Олай емес қой?

– Иә, балаларға көмектесіп, бозкілемге алып шықты. Бұл да дайындықтың бір түрі. Спортшыларға бағыт-бағдар көрсету арқылы өзін таниды. Мен шәкірттеріме қателіктерін айтқан кезде, Демеу де соны тыңдап өзімен жұмыс істейді.

– Ендеше, келесі жарысы қашан? Бозкілемнен жақын уақытта көреміз бе?

– Демеуді алдағы шетелдегі жарыстарға қатыстыратын жоспар бар. Қазір құрамаға әлі аға бапкер тағайындалмады. Аға бапкер тағайындалған кезде, сол адамдармен ақылдасамыз.

Алдағы уақытта шетелде бірнеше ірі жарыс бар. Солардың біріне қатысамыз деген жоспар бар. Қалай болғанда да, тағайындалған жаңа бапкерлермен ақылдасып шешеміз.

– 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысамыз деген жоспар бар шығар?

– Бәрі де мүмкін. Демеудің жарақаттары бар. Соның бәрінен емделіп болған соң бұл тақырыпқа ораламыз. Жанкүйерлері оны Лос-Анджелесте көріп қалуы әбден мүмкін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам