Оге Фритьоф Харейдеге ми обыры диагнозы қойылды
Норвегия, Дания және Исландия ұлттық құрамаларын жаттықтырған белгілі футбол маманы Оге Фритьоф Харейдеге ми обыры диагнозы қойылды. Бұл жайында бапкердің ұлы NRK арнасына берген сұхбатында хабарлады.
Ұлының айтуынша, алғашқы белгілер 2025 жылдың шілде айында байқалған. Харейде өзінің мансабының бір бөлігін өткізген «Мольде» клубының жұлдыздар ойынына қатысқаннан кейін денсаулығында күмәнді өзгерістер байқап, отбасымен бірге дәрігерлерге жүгінген. Медициналық тексеру ауыр диагнозды растаған.
«Әкемде ми обыры анықталды. Бұл біздің бүкіл отбасы үшін үлкен соққы болды. Ол сөйлей алады, бірақ сөйлеуінде қиындық бар. Бұл аурудың және қабылдап жатқан дәрілердің әсері», — деді Харейденің ұлы.
Оге Харейде Скандинавия футболындағы ең тәжірибелі мамандардың бірі саналады. Ол әр жылдары:
Норвегия, Дания және Исландия құрамаларын,
Норвегияның «Мольде», «Русенборг» және «Викинг»,
Данияның «Брондбю»,
Швецияның «Хельсингборг», «Мальмё» және «Эргрюте» клубтарын басқарған.
Ойыншы ретінде Харейде Норвегияның «Хёдд» және «Мольде» клубтарының намысын қорғап, Англияның «Манчестер Сити» мен «Норвич Сити» құрамында да өнер көрсетті.