Кирилл Кекер әр жылдары клуб құрылымында маңызды лауазым атқарды
Бүгін 46 жасында «Қайрат» футбол клубы академиясының жетекшісі Кирилл Сергеевич Кекер күтпеген жағдайда өмірден өтті.
Бұл – бүкіл клуб үшін орны толмас ауыр қайғы. Он жылдан астам уақыт «Қайрат» жүйесінің ажырамас бөлігі болып, қазақ футболының даму бағытын айқындауға атсалысқан адамның қазасы бәрімізді терең күйзелтті.
Кирилл Сергеевич өз ісіне адал, талапшыл әрі әділ маман еді. Жас ойыншылардың мүмкіндігін ашып, ең маңызды сәттерде қолдау көрсетуді білетін нағыз тәлімгер болатын. Оның Академияның, негізгі команданың, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының дамуына қосқан үлесі зор.
Әр жылдары клуб құрылымында маңызды лауазым атқарды. 2022–2024 жылдары сары-қаралардың негізгі командасын басқарды. 2025 жылы Академияға жетекшілік етіп, сонымен бірге Қазақстан U-19 құрамасымен жұмыс істеп, жаңа буын футболшыларын қалыптастыруды жалғастырды.
«Қайрат» ФК Кирилл Сергеевич Кекердің туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады, – делінген клуб ақпаратында.